Білім
2 мин оқу 700

Әкімнің гранты

<p style="text-align: justify;">Батыс Қазақстан облысы кейбір салада көп жылдан бері қалыптасқан маман тапшылығын жергілікті бюджеттен білім грантын беру арқылы шешуге тырысып келеді.</p>

Әкімнің гранты

Өңірде денсаулық сақтау, педагогика, дін, мәдениет және құрылыс салалары бойынша маман тапшы. Әсіресе дәрігер мамандар жетіспейді. Облыс­тық денсаулық сақтау басқарма­сы басшысының орынбасары Гүлнәр Абдрахманованың ­айтуынша, дәл қазір облыс­та 247 маман-дәрігердің орны бос тұр. Соның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлер, анестезиологтер, акушер-гинекологтер жетіспейді.

Әрине, өңірді қажетті мамандармен қамтамасыз ету үшін жан-жақты, жоспарлы шаралар жүргізіледі. Соның бірі – жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын тағайындау. Жергілікті бюд­жет қаражаты есебінен өңірдегі түр­лі басқармалардың сұранысын ескере отырып, 2017 жылы – 190 грант, 2018 жылы – 96 грант, 2020 жылы – 48 грант, 2021 жылы – 90 грант, 2022 жылы 114 грант бөлінген екен.

– 2023 жылға білім гранттарын белгілеуге біздің бас­қарма облыс бойынша қа­жетті мамандықтарға тапсырыс жинақтады. Қазіргі таңда қа­жеттілік 86 «бакалавр», 55 «ре­зидентура», барлығы 141 ма­манды құрап отыр, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева. Бұл гранттардың 60-ы – медицина саласына, 10-ы – математика пәнінің мұғалімі, 3-уі – логопед-педагог, 3-уі – тифлопедагог, 3-уі – сурдопедагог, 3-уі – олигофренопедагог мамандығына, 4-еуі құрылыс саласына берілмек.

Әрине, бұл мемлекеттік бі­лім грантына қол жеткізе алмай қалған түлектер үшін әжептәуір көмек. Бұл грантқа көпбалалы немесе кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отба­сылардағы балалар, бала кезі­нен мүгедектер, бірінші және екінші топтардағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылар­дың балалары басымдықпен қол жеткізбек. «Облыс әкімінің гран­тына» ие болған студент жергілікті атқарушы органмен және жоғары оқу орнымен үш жақты шартқа отырып, диплом алған соң 5 жыл бойы облыста жұмыс істеуге міндетті. Ал диплом алуға жетпей оқу­дан шығып кеткен жағдайда оқу­ға жұмсалған қаржы мен шә­кірт­ақы облыстық бюджетке қай­тарылады.

Облыс әсі­ресе дәрігерлерге мұқтаж дедік қой. Өзге өңір­лерден медицина мамандарын тарту үшін гранттан бөлек, бір жолғы көтермеақы төлеу мәселесін де облыстық мәс­лихат депутаттары қолдап, арнайы шешім шығарған болатын. Яғни бұрын ауылдық елді мекендерге барып, қызметке кіріскен жас мамандарға 1 млн теңге кө­ле­мінде бір жолғы көтермеақы бе­­рілсе, биылдан бастап облыс ор­талығынан 500 шақырым қа­шықтықтағы Бөкей ордасы, Жә­нібек аудандарына қызметке баратын мамандарға 5 млн теңге көтермеақы беріледі. Ал Орал қаласынан 250 шақырымдағы ауылға барып еңбек етсе, 2,5 млн теңге, шаһарға жақын маң­дағы Бәйтерек, Теректі, Тас­қала аудандарға баратын маман­дарға 1,5 млн теңге көтермеақы ұсы­­нылады. Қалада жұмысқа орна­ла­с­ушыларға 1 млн тең­ге көлемінде көтермеақы қарас­ты­рылған және тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу:
Әкімнің гранты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар