Еңбек
2 мин оқу 260

Еңбекпен есейген жігіт

<p style="text-align: justify;">Төрт қыздан соң қара шаңыраққа тұтқа болар ұлдың өмірге келуі Тұрсынбековтер отбасына ерекше сезім сыйлаған. Жылт еткен жақсы дүниенің бәрі де &laquo;азамат&raquo; деген атқа ие Айбарға арналатын. Балалардың кенжесінен аяры жоқ ата-ананың аялы алақанында еркелеп өскен қарадомалақтың қорадағы малға деген сүйіспеншілігі айрықша еді.</p>

Еңбекпен  есейген жігіт

Әкесінің ізінен ілесе барып, шамасы жететін бұзаудың басынан сипап, тай-құлынды айналшықтап жүруді әдетке айналдырған. Өсе келе қолына айыр-күрегін алып, мал жайғауға білек түре кірісіп кетті. Сөйтіп, еңбек ерке баланы есейтті, буынын бекітіп, қанатын қатайтты. Қазір ата-ана үмітін ақтар жасқа жетіп, қара шаңырақтың шаруасын шалқытып келеді.

Малсақ жас мамандық таңдауда жаңылмай, өз қалауын жүзеге асырды. Арманы асқақ Айбар Әлім Алматы Қазақ ұлттық аграрлық уни­­верситетінің ветеринар маман­дығын тәмамдаған. Өзіне жүк­телген азаматтық міндеттің сал­мағын се­зін­ген ол осы күні туып-өскен Ба­қа­нас ауылында ең­бек жолын бас­тап кеткен. Ауыл тұрғындарының малын аурудан сақтап, егу шараларын жүргізуде бел­сенділік, іскерлік танытып келе­ді.

Жастайынан малсақ болып өскен жігерлі жас бүгінде қора­сын­да сүт ба­ғытындағы асыл тұқымды сиыр ұстап, оны сауып, азығымен уақтылы қамтамасыз етуге әбден төселіп алғандығының куәсі бол­дық.

«Ерінбей еңбек еткен адамның ырзық-несібесі мол болады. Біз­ге ата-анамыз соны үйретті. Қолы­мыздағы «Алатау», «Швед» сиыр­ларының әрбірінен күніге 15 литр­ден артық сүт сауып аламыз. Сиыр сауу – мен үшін еш қиын­дығы жоқ жұмыс. Оны тартып, айран ұйы­тып, құрт жасаймыз. Ата-анам­ның арқасында дас­тар­қа­ны­­мыздан ақ үзілмей, құнар­лы, табиғи өнім түрлері даяр­ланады. Биыл «Ауыл аманаты» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша төменгі па­йызда 6 млн теңге алып, оған 13 бие сатып алдық. Болашақта мал басын көбейтуді мақсат етіп жүрмін», дейді Айбар Сәкенұлы.

Туған ауылына туын тігіп, оның өркендеуіне өзіндік үлесін қо­сып жүрген Айбардың келіншегі Әсем Батырхан да «Қазақтелеком» бөлім­шесінде оператор болып еңбекке араласқан. Осылайша, бір­лігі мен тірлігі жарасқан жастар бақытты өмір өрнегін құрып келеді.

Алматы облысы

Бөлісу: