Аймақтар
2 мин оқу 300

Қаныш аялдаған үңгір

<p style="text-align: justify;">Баянауылға барған жұрт Қоңыр әулие үңгірі мен Мәшһүр Жүсіп кесенесін, Ақкөл Жайылмадан Исабек ишан кесенесін іздейді. Алайда бұл қатарда Май ауданындағы Қалмаққырған тауының аты атала бермейтіні өкінішті.</p>

Қаныш аялдаған үңгір

Кезінде Малайсары, Олжа­бай, Жасыбай, Баян, Едіге, Сәтен, Шоқ­пар батырлардың жоңғарларға ойран салып, қал­мақтарды қырып салған XVIII ғасырдағы тарихи мекен бүгінде тарихшылар мен археологтер тарапынан аз зерт­телгені былай тұрсын, туристік әлеуеттілік тұрғысынан да еш­кімді қызықтыра алмай отыр. Бұл таудың ауқымында шашырай орналасқан Бесқару төбешігі, Қайса ата кесенесі, Сә­тен Мақыш бұлағы, Қызқұлаған шыңы, Гауһар биігі (шын есімі – Май­сары, Малайсары батырдың қарындасы, Қаракерей Қабанбай батырдың жары), Әулие үңгір (Қаныш үңгірі), Қалмаққырған жазығындағы ескі зират-обалардың қай-қай­сысы болсын зерттеуге сұранып тұрған орындар.

Бәрінен бұрын таудың күнгей жағында орналасқан Әулие үңгірдің ерекшелігі көрген жанды тамсан­дырмай қоймайды. Үңгірді бойлап кіріп көрдік. Ұзындау болғанымен тар, 5-6 метрден кейін еңкейіп жү­руге тура келеді. Десе де әрі қа­рай 14-15 метрден кейін жү­ру мүмкін болмаған соң кері қайт­­тық. Жергілікті азаматтар үңгір ор­наласқан шоқпар тастың екін­ші жа­ғынан тағы бір шағын үң­гір­ді көрсетті. Сөйтсек, Әулие үңгір­дің құрылысы шоқпар тастың күнгейінен басталып, теріскейдегі екінші жақтан бір-ақ шығатын дәліз сияқты екен. Бір замандарда үңгірдің бел ортасы құлап, жабылып қалған. Сондықтан күнгей жақтағысы ғана әзірше қолжетімді. Сонау алмағайып кезеңде бұл жер­ді дұшпанынан қашқан азаматтар паналап, қауіп төнгенде екінші жағынан шығып, сытылып отырған деседі.

Қазақтың маңдайына біткен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев бұл жерде 1920 жылы болыпты. Жергілікті жұрт соған орай үң­гірді «Қаныш үңгірі» деп те атайды. Шоқпар тастың ең биігіне шыққанда айналаның барлығы алақандағыдай көрі­неді. Оңтүстік төскейде 60 шақырымдай жерде Баян­ауылдың Қызылтау, Сарытауы қол бұл­ға­са, оңтүстік-батысқа қарай То­­райғыр таулары сі­лем­деніп жатыр. Жоң­ғар шап­қыншы­лығы кезін­де қа­зақ жасақтары осы таулар­дың биік нүктелеріне от жағып, жау­дың келгенін жеткізген екен. Малайсарының қарындасы Май­­сары жоғарыда айтқан Гау­һар биігінен (бір деректерде Қарауыл төбе аталады) айналаны шолып, қауіп көрінсе, ағасына жаушы шаптырып отырған. Мәшһүр Жү­сіп­тің жазбаларында айтыла­тын­дай, Баянауыл мен Қалмақ­қырған таула­рындағы қазақ-жоңғар шайқастары нәти­жесін­де қазақтар жеңіске жетіп, Сары­арқа даласының тағды­ры шешілген.

Павлодар облысы,

Май ауданы,

Қалмаққырған мекені

Бөлісу: