Жылыту маусымына әзірлік пысықталды – Үкімет
<p style="text-align: justify;">Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңір әкімі Ермек Көшербаевпен бірге Өскемен және Риддер ЖЭО-ларында болып, жаңа жылыту маусымына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

«Өңірдегі жылу нысандарында жөндеу жұмыстары аяқталып, ЖЭО іске қосу-баптау кезеңіне дайындық үстінде. Шығыс Қазақстанда Риддер ЖЭО-ны қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Премьер-министрдің бірінші орынбасарына Риддер ЖЭО-да іске қосу-реттеу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатқаны туралы айтылды. № 1, 2, 3 қазандық агрегаттарын жөндеу аяқталуға жақын, экрандардың беттері жиналып, орнатылды, бір күн бұрын қазандықтар тазалау жұмыстарын жүргізу үшін сумен толтырылды. Сонымен қатар делегация жұмыс сапары барысында Өскемен ЖЭО-ға да барып қайтты», делінген ақпаратта.
Шығыстағы жылу электр орталықтарына жөндеу жұмыстары биылғы жылыту маусымы аяқталған соң қолға алынған болатын. Жөндеу жұмыстарының 80 пайызы аяқталып, 5 қазандық агрегаты мен 8 турбоагрегатқа жөндеу жүргізілді.