Спорт
2 мин оқу 180

Ризабекке ел риза

<p style="text-align: justify;">Қазақстанның әр өңірінде еркін күрестің үйірмелері бар. Сол жерлерден жыл сайын жүздеген түлек түлеп ұшады. Бірақ осы күнге дейін спорттың осы түрінен біздің елден бірде-бір әлем чемпионы шықпаған еді. Бұл жағдай жергілікті жанкүйерлердің көңіліне селкеу түсірді. Сол олқылықтың орны кеше толды. Сербияның астанасы &ndash; Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында Ризабек Айтмұхан барлық қарсыласын қоғадай жапырып, төрткүл дүниенің теңдессіз балуаны деп танылды.</p>

Ризабекке ел риза

92 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ризабек Айтмұхан алғашқы айналымдарда мажарстандық Балхаш Юхас (13:3) пен Еуропаның екі дүркін чемпио­ны, түркиялық Фейзоллах Актюрктің (11:0) тас-талқанын шығарса, жартылай финалда былтырғы әлем және құрлық чемпионаттарының қола жүлдегері грузиялық Мириан Майсурадзені (8:1) атойлап жеңді. Финалда қандасымыз әлем чемпионатының екі және Еуропа чемпионатының үш дүркін жүлдегері әзербайжандық Осман Нурмагомедовпен айқасты. Өте тарысты өткен бәсекеде 5:2 есебімен Ризабек жеңіске жетті. Сөй­тіп, ол Қазақстанның еркін күрес тари­хындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. Балуанды тарихи жеңісімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Ал финалдық сайыс­тан кейін Ризабектің өзі «Бұл табыс маған ерең еңбектің арқасында келді. Мені әкем күнде сағат таңғы 6:00 немесе 6:30-да оятып, жаттығу жасататын. Кейіннен спорт мектебіне берді. Соның бәрі еш кеткен жоқ. Міне, бүгін мен Алла­ның қалауымен әлемдік додада топ жар­дым», деп ақтарыла сөйледі.

Өкінішке қарай, Мейрамбек Қартбай (57 кило) қола медаль үшін белдесуде армениялық Арсен Харутюняннан ұтылса, жолдама үшін тартыста ресейлік Заур Угуевқа есе жіберді. Нұрқожа Қай­панов (74 кило) жұбаныш белдесуінде жа­по­ниялық Даити Такатаниге жол бер­ді. Сол секілді Болат Сақаев та (79 ки­ло) жүл­дегерлер қатарына қосыла алма­ды.

Жоғарыда аталған салмақ дәрежелері бойынша мына балуандар жүлделі орындарды иеленді: 57 кило: 1. Стеван Мичич (Сербия), 2. Рей Хигучи (Жапония), 3. Арсен Арутюнян (Армения) мен Зелимхан Абакаров (Албания). 74 кило: Заурбек Сидаков (Ресей), 2. Кайл Дейк (АҚШ), 3. Хетаг Цаболов (Сербия) пен Даичи Такатани (Жапония). 79 кило: Ахмед Усманов (Ресей), 2. Вла­димир Гамкрелидзе (Грузия), 3. Мухамм­ад Ноходи (Иран) мен Василий Ми­хайлов (Украина) және 92 кило: 1. Риза­бек Айтмұхан (Қазақстан), 2. Осман Нурмагомедов (Әзербайжан), 3. Фай­золлах Актюрк (Түркия) пен Захид Веленсия (АҚШ).

Кеше еркін күрестен ең соңғы жүл­делер сарапқа салынды. 65 кило сал­мақтың жартылай финалында Рах­ман Амузадхалили (Иран) мен Исмаил Му­сукаев (Мажарстан), Вазген Теванян (Ар­мения) мен Себастьян Ривера (Пуэрто-Рико), 97 кило салмақта Гиви Ма­чарашвили (Грузия) мен Магомедхан Магомедов (Әзербайжан) күрессе, Ресейдің атақты балуаны, екі дүркін Олимпиада және бес дүркін әлем чемпио­ны Абдулрашид Садулаев жарақатына байланысты бахрейндік Ахмед Тажу­диновке жол берді. Өкінішке қарай, бұл межеге еліміздің бірде-бір спортшысы жете алмады.

Сондай-ақ кеше әйелдер күресінен белдесулер басталды.

Бөлісу:
Ризабекке ел риза · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар