Аймақтар
2 мин оқу 320

«Балқадиша» кешені

<p style="text-align: justify;">Көкшетаудан шығып, Зеренді ауылына қозыкөш жер қалғанда қамшылар жақ бетте өзіндік сән-салтанатымен ақ торғын бұлттың астынан жанары жарқ ете түскен күннің көзіндей күлімдеп Балқадиша кешені көзге шалынар еді. Өкпек жолаушының ойына ілкідегі аңыз түспек.</p>

«Балқадиша» кешені

Жай ғана аңыз емес, әдемі әнмен әдіптелген, ажарлы аңыз­бен көмкерілген, сұлу ыр­ғақты әуен болып тебірентіп көрін­бек. Балқадиша әнінің туу тарихын зерттеушілер­дің пікірі­не қарағанда, Жылан­ды тауы­ның бөктеріндегі Мұса Монтай ­ауылында жарық дү­ние есігін аш­қан нәрестенің шілдехана­сы өткізілгелі жатыр екен. Алты Алаш­қа асқақ әнімен аты мәлім болған Ақан сері де осы ауылға ат басын тірепті. Табиғаты та­мыл­жыған өлкені аралап, се­рі­лік құрып жүрген шағы. Ел ше­тіне іліккен серілер­дің тобын көрген ауылдың үлкендері шылбырларына жар­масып, қо­лтықтарынан демеп, дастар­қан­ға шақыра­ды. Атағы жер жа­рып тұрған Ақан серінің жанына жас­тар­дың ешқайсысы оты­руға батпапты. Бәлкім, өнерін сый­лағандықтан шығар. Ауылға Сері­нің келгені туралы хабар Қади­шаның да құлағына жетсе керек. Қырмызы қыздарға іле­сіп ол да жетеді. «Ауылға әйгілі Сері келсе, неге қосылып ән шырқамасқа?», деп наздана сөйлей келеді. Қыздың ағалары бұл жайды естіп қал­са керек. Бой жетіп отырған қызды Серінің қасынан алып кеткен жөн. Бірақ қалай? Амалын таппай әйелдерін жұм­сайды. Әңгімелері жарасып қалған Сері Қадиша­ны жібергісі келмейді. Амал жоқ, екі бірдей жеңгесі келіп отыр. Арттарында қабақтары түксиген ағалары тұр. Ендігі­сі әбестік. Сол сәтте ару­дың таң­ның мөлдір шығындай жан дүниесін, көркем бейнесін, жібектей есілген мінезін бейне­леген ән Зерендінің биі­гіне құл­дилай көтеріліп, Көкшенің бар даласына тарап бара жатады. Бүгінгі күні жалпақ жұртқа рухани азық болған әйгілі ән осылай туса керек. Әуел баста тоқсан шу­мақ болған деседі. Кейінгіге жет­кені жұрнағы ғана. 1988 жылы Қайролла Жүзбасов құрастырған жинаққа «Бал­қадиша» әнінің үш нұсқасы енген. Қазір үшеуі де айтылып жүр. Үшеу болғанмен, та­қырып бір, мазмұн ортақ.

Бөлісу: