Жеңілістен көз ашпай тұр
<p style="text-align: justify;">Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жүрген елорданың «Ба­рысы» тұрақты біріншіліктегі кезекті тур ойынында да жеңіліп қалды.</p>

Сырт айдындағы ойындар сериясын өткізіп жатқан жерлестеріміз бұл жолы Мәскеуде ЦСКА командасына жол берді. Жергілікті «ЦСКА Арена» спорт кешенінде өткен кездесуде әскерилер «Барыс» қақпасына жауапсыз төрт шайба соқты. Ойынның 8-минутында Павел Корнаухов ойынның есебін ашса, екінші кезеңде Михаил Григоренко мергендік танытты. Ал үшінші 20 минуттықта «Барыстың» экс-хоккейшісі Даррен Диц таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізсе, 56-минутта Константин Окулов ойынның нүктесін қойды. Осылайша, елордалық клуб қарсыласына 4:0 есебімен жеңілді. Бұл – жерлестеріміздің қатарынан төртінші, ал ҚХЛ-дың биылғы маусымындағы 11-жеңілісі.
Жеңілістен көз ашпаған «Барыс» тұрақты біріншіліктің 14-турынан кейін Шығыс конференциясының турнир кестесінде 10 ұпаймен 10-орында тұр. Жерлестеріміз келесі ойынын бүгін Мәскеу облысының «Витязь» командасымен өткізеді.