Үкімет
1 мин оқу 230

Риддердегі ЖЭО коммуналдық меншікке беріледі

<p style="text-align: justify;">Премьер-министр Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, ҚМА, БҚДА және басқа да ведомстволар басшыларының қатысуымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Отырыс барысында комиссия Риддер қаласындағы ЖЭО-ның айналасында қалыптасып отырған жағдайды қарастырды, деп хабарлайды&nbsp;<a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өткен жылдың қазан айынан бастап стансада бірқатар апат орын алып, соның кесірінен қала тұрғындарын жылумен және электрмен жабдықтауда іркілістер болғанын еске салды. ЖЭО-ның бұрынғы иелері оны жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына инвестиция салмағандықтан, стансаның техникалық жайы әбден тозып бітуге айналған.

Биыл Үкімет резервінен және облыс әкімдігінен бөлінген қаражат есебінен стансаның барлық 6 қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір 3 қазандық бойынша іске қосу жұмыстары жүріп жатыр, тағы 3 қазандықты жөндеуді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

ЖЭО-ның жаңа меншік иесімен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша инвестор кәсіпорынның барлық қарызын өтеп, стансаны әкімдіктің коммуналдық меншігіне береді деген уағдаластыққа қол жеткізілді.

Премьер-министр ЖЭО-ны жергілікті атқарушы органдардың балансына қабылдау үшін барлық қажетті ұйымдастару-құқықтық жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Бөлісу:
Риддердегі ЖЭО коммуналдық меншікке беріледі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар