Аймақтар
2 мин оқу 372

Тазылар жарысы

<p style="text-align: justify;">Алтын түске боялған алқаптың көркін кіргізіп, көрерменнің делебесін қоздырған жарыстың бірі &ndash; &laquo;Құмай тазы&raquo; байқауы еді. Еңбекшіқазақ ауданында ұшқыр тазылар арасында өткен іріктеу чемпионатына жеті ауданнан 40-қа жуық итбегілер қатысты. Асыл тұқымды ит өсірушілер арасында бүкіл бір әулеттің мүшелерін көптеп кезіктірдік. Ақ самайлы атасына ілескен алты-жеті жасар немерелері де тазыларын жетектеп, сылап-сипап жеңіс жолына даярлады. Шашақ құлақты құмай тазылардың сұлулығы көз сүйсінтеді.</p>

Тазылар жарысы

«Жарысқа Майлаяқ, Жолдаяқ деген он айлық екі тазымды әкелдім. Екеуі де бабында. Оларға кейде қарсақ қуалатамыз. Мен тамағын беріп, еркелетемін. Екеуін де жақсы көремін», дейді алты жасар Айба­рыс Қыраннұр.

Өңірде осымен төртінші мәрте ұйым­дастырылып отырған байқаудың бас­ты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді жаңғыр­ту­мен қатар, жеті қазынаның бірі саналатын қазақ тазысының тұқымын өсіруге қы­зығушылықты арттыру, алдағы рес­пуб­ликалық чемпионатқа шын жүйрікті анықтау.

«Халқымыз ежелден асыл тұқымды иттерді айрықша қастерлеп, тұрмыс-тір­шілігіне сенімді серік еткен. Тазымен ашар­шылық жылдары ауылды асырағаны тура­лы әңгімелерді білеміз. Құмай тазы жойылу­ға шақ қалған еді, селекционерлердің, соның ішінде Алматы облысының ит өсі­ру­шілерінің арқасында осы күні қатары көбейді. Нәтижесінде, облыста құмай тазы­лардың қатысуымен түрлі жарыстарды жиі өткізу дәстүрге айналды. Бүгін ірі халық­аралық жарысқа іріктеу жүргізіледі. Оған еліміздің ғана емес, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанның әуесқой кино­логтері қатысатын болады», дейді Ал­маты облыстық «Арғымақ көкпар» феде­рациясының президенті Кенже Жанбота.

Аталған шырға тарту жарысында ал­ты топқа бөлінген тазылар бір шақы­рым­ға жүгіріп, бақ сынасты. Жарыс қоры­тындысында Қарасай ауданынан келген Қара­құмай дейтін тазы алдына қара сал­май 1-орынды иеленсе, екінші орынды Ең­бек­шіқазақ ауданынан қатысқан Ақтілек Кәдіржанның Сарықұмайы енші­леді. Үшінші орын Нестер Курджидидің Ұшарына бұйырды.

«Қарақұмайды күшік кезінен өсіріп ке­лемін. Мұның алдында да бірнеше жа­рыс­қа қа­ты­сып, жүлделі орындар­ды иеленді. Тазы тазалығымен ерек­шеленеді. Кө­рінгенді жей бермейді, өте тал­ғам­паз болады. Ата-баба мұрасын жаң­ғыртуға отбасымызбен атсалысудамыз», дейді жарыс жеңім­пазы Қарақұмайдың иесі Ерқанат Манатов.

Алматы облысының денешы­нықтыру және спорт басқармасы, Алматы облысының бұқаралық спорт­тық іс-шаралар орталығы, об­лыстық «Арғымақ көкпар» федерациясы ұйымдастырған шырға тарту жарысының жеңімпаздары алдағы уақытта Астанада «Асыл қазына» республикалық тазы өсіру қауымдастығы ұйымдастыратын «Қазақтың тазылары» атты халық­аралық жарысқа жолдама алды.

Алматы облысы 

Бөлісу:
Тазылар жарысы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар