Саясат
2 мин оқу 320

БҰҰ қолдаған Қазақстан бастамасы

<p style="text-align: justify;">БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан ұсынған бастама қолдау тапты. Орталық Азия елдерінің атынан алғаш болып бастама көтерген еліміз &laquo;Әрбір балаға бейбітшілік пен толеранттылық үшін сапалы білім беруді қамтамасыз ету&raquo; туралы қарарды күн тәртібіне қойған еді.</p>

БҰҰ қолдаған Қазақстан бастамасы

Құжат оқыту және білім орда­ла­рын­да балалардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету арқылы бейбітшілік пен толеранттылық, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеу идея­ларын ілгерілетуге бағытталған. Қарар сондай-ақ кемсітушілікке жол бермеу, балалардың білім алуға, соның ішінде қарулы қақтығыстар жағдайында қауіпсіз білімге қол жет­кізуінің негізгі қағидаттарын жү­зеге асыру жөніндегі мемлекеттердің мін­деттемелерін белгі­лейді. Құжат қақты­ғыс аймақта­рынан балаларды репатриациялау және реинтеграциялау бойынша оң тәжірибеге сүйене отырып қабылданды. Ондағы негізгі элементтердің бірі – БҰҰ-ға мүше барлық мемлекетті қақтығыстар мен терроризмнен зардап шеккен балалардың білім алуын қамтамасыз ету. Атап айтқан­да, білім беру арқылы қалпына келтіру және қоғамға қайта кіргізу шаралары қарас­ты­рылған.

Қазақстан қарар жобасын Орталық Азиядағы бес мемлекет өкілдерімен бірлесіп, күш-жігерін біріктіріп, тұң­ғыш өңірлік бастама ретінде ұсын­ды. Осылайша, аймақ БҰҰ-ның басты құ­қық қорғау алаңына мол үлес қосып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемле­кеттердің Адам құқықтары мәсе­лелері жөніндегі ұстанымдарында айыр­машылық бар. Соған қарамастан, ұсы­нылған құжатқа 70-тен астам ел қолдау көрсетті. Атап айтқанда, АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ, Латын Амери­ка­сы, Азия және Африка мемлекеттері бірлескен автор атануға қосылуға ниет танытты.

Қарарды БҰҰ Адам құқықтары жөнін­дегі кеңесі бірауыздан қабыл­данды. Бала құқықтарын қорғау мәсе­лесі еліміздің саясатында басым орын алады. Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар шеңберінде әлеуметтік қолдау күшейтілді. Заң­намаға бала­лар­дың қауіпсіздігіне қатысты жауап­кер­шілікті қатаң­дататын өзге­рістер енгізілді. Сон­дай-ақ еліміздің әрбір азаматы үшін тең мүмкіндіктер қағидатын іске асыру мақ­сатында білім беруге инвестиция салуға назар аударылып отыр. БҰҰ Адам құқықтары кеңе­сі­нің қарарын қабылдау қойылған мін­дет­тер­ді одан әрі іске асыруға ықпал етеді.

Естеріңізде болса, БҰҰ Бас Ассам­б­лея­сының 76-сессиясы барысында Қазақстан 2022–2024 жылдарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңе­сі­нің мүшесі болып сайланған-тұғын. Қазақ­стан Кеңестегі жұмысының басым ба­ғыт­тары гендерлік теңдікті іл­ге­рі­ле­ту және әйелдердің құқық­тары мен мүмкін­діктерін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық нысанына қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз етуге ба­ғыт­талды.

Еліміздің дүниежүзілік ұйымның бас құқық қорғау органына сайлануы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету үдерісіне белсенді және жауапты қатысушы ре­тіндегі рөлін мойындау екені анық. Қазақ­станмен бірге БҰҰ Адам құқық­тары жөніндегі кеңесінің құрамына АҚШ, Люксембург, Финляндия, Литва, Черногория, Аргентина, Гондурас, Парагвай, Бенин, Камерун, Эритрея, Гамбия, Сомали, Үндістан, Малайзия, Қатар және Біріккен Араб Әмір­ліктері кірді. Бұған дейін еліміз Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 2013–2015 жылдары сайланған еді.

Бөлісу:
БҰҰ қолдаған Қазақстан бастамасы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар