Қоғам
3 мин оқу 220

Бейбітшілік және әйел рөлі

<p style="text-align: justify;">Алматыда Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогіне қатысушылар гендерлік теңдік, бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өткен іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан Парламенттерінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.</p>

Бейбітшілік және әйел рөлі

Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогі өңірдің әйел парламентшілері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін саралауға арналған халықаралық бейресми алаң ретінде жемісті жұмыс ат­қарып келеді. Қазақстан биыл ұйымға төрағалықты қабылдағаны мәлім.

Конференцияны ашқан Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева бүгінгі таңда әлем­де қақтығыстардың өршуі мен тұрақсыз­дықтың артуы әйелдердің рөлі мен жағдайын қиындатқанын атап өтті.

– Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағ­дайға әлем куә. Соның салдарынан әйелдер де, балалар да қоғамдағы ең осал топ ретінде құрбан болып жатыр. Ал бүгін біз талқылап отырған күн тәртібін қарулы қақтығыстар мен гу­манитарлық апаттар кезіндегі әйел­дердің қауіпсіздігіне қатысты мәсе­лелерді жан-жақты шешу қажеттілігі призмасы арқылы қарау керек, – деді Мәжілістің вице-спикері.

Сонымен қатар Дания Еспаева әйелдер мен қыздарға қатысты гендер­лік зорлық-зомбылыққа байланысты мәселелерге назар аударды. Қазақстан оған қарсы өңір елдерінің күш-жігерін біріктіруге шақырады. Осы бағыттағы тиімді қадамдардың бірі Еуропалық одақ пен БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін әйелдер мен қыздарға қатысты гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық нысанын жою жөніндегі аймақтық бастамасын іске қосу болды. Жоба Президент тарапынан қолдау тапқан.

Сондай-ақ Д.Еспаева Қазақстанда 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын, онда «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін жүзеге асыруға бағыттал­ған бөлім бар екенін, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Қарарларын іске асыру жөніндегі ұлттық іс-әрекет жос­пары қабылданғанын мәлімдеді. Ол Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік даярлық орталығы (Қазцент) базасында сертификатталған курстар аясында әскери кеңесші-әйелдерді даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталды. Бұл ретте әйел әскери қызметшілер Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамының 13,7 пайызын құрайды, олардың 10-ы басшылық лауазымды атқарады.

Конференцияға қатысушылар тақы­рыптық сессиялар аясында қауіп­сіздік саласының жаңа сын-тегеу­ріндері және өңірдегі әйелдердің қауіпсіздігі мен бейбіт өміріне қатысты ой бөлісті.

«Орталық Азия әйелдері зорлық-зомбылыққа қатысты көп шағымдана бермейді. Мұндай келеңсіздікке тап болса да тақырыпты жылы жабуға тырысады. Бірақ біз мұны бұлай қалдырмай, көтеруіміз қажет. Жантүршігерлік жағ­дайларды көріп жатырмыз. Біз бұ­ған дейін өз елімізде 10 заң мен 5 ко­декс­ке өзгеріс енгізгенімізді айтқан едік. Тұрмыстық зорлық-зомбылық заңын барынша күшейтіп жатырмыз. Енді әйелдер мен балаларды ұрып-соғып қорлық көрсеткендер ешқандай амнистияға ілікпейді. Әрі өмір бойы білім саласында қызмет ете алмайды», дейді Өзбекстан республикасы Олий мәжілісі комитетінің мүшесі Гулноро Маруфова.

Өңірде әйелдер бетпе-бет келетін құры­лымдық және экономикалық мәсе­ле­лер аз емес. Бұл ретте заманауи цифр­лық трансформация олардың әлеуметтік құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңей­туге жол ашатыны айтылды. БҰҰ-әйел­дер құрылымы Өңірлік кеңсесінің кеңес­шісі Наргис Азизова, БҰҰ Бас хат­шысының арнайы өкілі, БҰҰ Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азиядағы өкілі Ганс Фридрих Шод­дер бұл бағытта жүзеге асқан жұмыс­тарға шолу жасай отырып, қоғам­ның қозғаушы күші ретінде әйелдердің саяси беделі мен азаматтық тұлғасы қа­лып­тасып, олар барлық салада айрық­ша маңызға ие болып отырғанын атады.

Конференция соңында қатысу­шылар өңірде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіп­сіздік» Қарарын іске асыру бойынша жұмысты күшейту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттемелері бар қорытынды құжатты қабылдады.

АЛМАТЫ 

Бөлісу:
Бейбітшілік және әйел рөлі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар