Қазақстан
4 мин оқу 275

Мемлекетке алынған жер әділ бөлінуге тиіс

<p style="text-align: justify;">Осыдан екі жыл бұрын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Мемлекет басшысы: &laquo;Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Бізде жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде шөп қорыған иттің кебін киген &laquo;латифундистер&raquo; көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер &ndash; біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы керек&raquo;, деген еді. Бірақ Үкіметтен біраз жылға жалға алғандар басқа жері жоқтарға жалға беріп, солардың үстінен пайда көріп отырғандары жетерлік.</p>

Мемлекетке алынған жер әділ бөлінуге тиіс

Көп ұзамай, Президенттің тап­сырмасынан кейін, игеріл­мей жатқан жерлерге тексеру жұмыстары жүргізілді. Тек­серіс барысында шамамен 1,5 млн гектар жердің бос жат­қаны анықталған. Құзырлы орган­дар жекеге өткен, бірақ беріл­ген мақсатта пайдаланылмай жат­қан жерді мемлекетке қай­та­руда құқықтық тетіктің жоқты­ғы­мен түсіндірсе, мамандар елімізде игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерді мемлекетке қай­тарудың керек екенін және оны 2003 жылы Жер кодексін қабыл­да­ған кезінде орын алған олқы­лық­тармен байланыс­тырады. Ресми мәліметтерде, біздегі ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жердің 1,5 пайызы жекеменшікке сатыл­ған, ал 98,5 пайызы мемле­кет­тің меншігінде. 20 жыл бұрын қа­был­данған Жер кодек­сін «жерді пайдалану құқығын са­тып алғандарға жер тегін бері­леді» делінген бап­тарға сүйеніп, сол кездің өзін­де 4,5-5,5 млн гектар ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы жер біреулердің қолына өткен.

Бүгінгі таңда Қазақстан Еура­зия құрлығының орталы­ғында 272,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Ауылшаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметіне сәйкес, қазір­гі күні елімізде ауылшаруашы­лығы мақсатындағы жер – 115,9 млн га (115 966,2 мың га), елдi мекендердiң (қалалар, кенттер мен ауылдық елдi мекендер) жерi – 24 592,8 мың га, өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығына арнал­маған өзге де жер – 2 273 мың га, ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тардың, сауықтыру мақ­сатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер – 7 811,3 мың га, орман қорының жері – 22 963,5 мың га және су қорының жері – 4 209,4 мың га, сонымен қатар босалқы жерлер 85 114,6 мың гектарды құрайды. Өткен жылғы есепке қарағанда елімізде игерілмей жатқан 12,8 млн гектар жердің 8 млн аса гектары мемлекетке қайтарылыпты.

Премьер-ми­нистр­дің орынбасары Серік Жұман­ғариннің төрағалығымен өт­кен бір отырыста игеріл­мей жатқан және заңсыз беріл­ген жерлерді қайтару жөнінде көтерілген мәселе де қаралды.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі Жер ресурстарын бас­қару комитетінің дерегі бойын­ша, өткен жылдың басынан бері мемлекетке 8,3 млн га (2022 жылы – 5,4 млн га, 2023 жылдың өткен кезеңінде – 2,9 млн га) жер қайтарылған. Тек­серу қорытындысына сәйкес, аталған комитеттің аумақ­тық бөлімшелері 835,9 мың га аумақ­­та жер заңнамасын бұзу­шы­­­лық­тарды жою туралы 615 ұйға­рым, 271,5 мың га бойынша 183 іс сот органдарының қа­рауын­да жатқаны белгілі болды. Тек­серу қо­рытындысында 797 заңбұзу­шылық орын алып, жал­пы сомасы 156,3 млн теңге айып­пұл салынған. Яғни 68%-ы өнді­ріліп алынды. Айта кетерлігі, тиіс­ті шара қабылданғаннан ке­йін жер пайдаланушылар 689 мың га ауыл шаруашылығы жер­ін қайта игеруге кіріскен.

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, былтыр жалпы жерді ерікті қайтару үлесі 72,2% құраған. Биыл бұл үлес 62%-ға дейін төмендепті. «Әкімдіктер қабылдаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру туралы шешімдердің заңдылығына келетін болсақ, 2022 жылдан бастап тексеру барысында 526,3 мың гектар жердің 515-і заңсыз алынғаны анықталып, 135-інің күші жойылды. Қалған 380 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді комитет басшысы.

Сонымен қатар ол пайдала­ныл­маған жерлерді қайтару үдерісі бірнеше маңызды фактормен қиындық туғызып отырғанын айтты. Негізгілері – талап қою шағымдарының рәсімдері бойынша соттармен келіспеушіліктер және өткен жылы енгізілген Кәсіп­керлік кодекстің жаңа талап­тарына байланысты бұрын беріл­ген нұсқамалар жөнінде бақы­лау жүргізу мүмкін емес екені. Сондай-ақ спикер Жер ресурс­тарын басқару комитетінің өңір­лік бөлімшелерінде адам ресурс­тары­ның жетіспеушілігін де атап өтті.

Биыл жер иелеріне өз учаске­лерін және жергілікті атқару­шы органдарды ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін берудің заң жүзінде пайдалану жауапкер­шілігі күшейтіліп, наурыз айында жергілікті атқарушы орган­дарындағы лауазымды тұлға­лар­дың жер заңнамасын бұз­ғаны үшін жауапкершілігін белгі­леу бөлігінде «Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы» заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осы жылдың 8 қазанынан бас­тап 1 тамызда қабылданған Жыл­жы­майтын мүліктің бірың­ғай мемлекеттік кадастры инфо­жүйесі шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары күші­не енді. Сонымен қатар Үкімет қаулысының жобасы әзірленіп, соған сай мемлекеттік жер инспек­торларының саны артады.

«Жер біздің басқа да табиғи ресурстарымыз сияқты Қазақ­стан Конституциясымен халыққа тиесілі деп айқындалған. Пайда­ланылмайтын жерлерді қайтару мәселесі – мұны мемлекеттік меншікке қайтару ғана емес әрі қарай әділ бөлу. Мемлекет бас­шысы «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасында жеке қосалқы шаруа­шылықтардың кооперациясын дамытуды ынталандыру мі­н­детін нақты атап өтті. Бірақ егер ауыл­дарда жайылымдық жерлер болмаса, онда қандай даму туралы айтуға болады? Жер­лер бюрократиялық кедер­гі­лерге байланысты пайдаланылмай қалмауға тиіс, оны ел эконо­микасы үшін пайдалану керек. Бұл мәселені тезірек және әділ шешудің басқа тәсілдері мен тетіктерін әзірлеп, барлық көтеріл­ген мәселені егжей-тегжей­ қарастырғаннан кейін нақ­ты ұсыныстар енгізу керек. Ал әкім­дік­терге өнеркәсіп, цифрлық даму, ауыл шаруашылығы ми­нистр­ліктерінің үйлестіруімен жыл­жымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын толтыру және өңірлік геоақпараттық жүйелерді іске қосу жөніндегі жұмысты жеделдетуге тиіс», деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ жұмыс барысын бақылауды күшейту мақсатында комиссия отырысын тоқсанына бір рет емес, ай сайын өткізу туралы шешім қабылданды. 

Бөлісу: