Жастар
2 мин оқу 292

Жастарды әлеуметтендіру мәселесі

<p style="text-align: justify;">Қазіргі жастар арасында буллинг жайы өткір тұр. Бұл &laquo;Жастарды әлеуметтендіру тәуекелдері&raquo; зерттеуі барысында белгілі болды. Тамыз айында жүргізілген сауалнамада респонденттердің 49,3 пайызы буллингті басынан өткергенін айтқан. Ең сорақысы, қатарластарының мұндай қағытпа әрекетіне тұрмыстық әлеуеті әлсіз жастар жиі кезігетін көрінеді.</p>

Жастарды әлеуметтендіру мәселесі

«Жастар» ғылыми-зерттеу орта­лығы «Next time» қоғамдық қоры­мен бірлесе әлеуметтік зерттеу нәтижелерінің тұсаукесерін өткізді. Іс-шарада зерттеу жан-жақты талқыланып, ұсыныс-пікір­лер тыңдалды. Пікірталас алаңының жұмысына мемлекеттік органдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарының, ҮЕҰ өкілдері мен жастар саясаты саласындағы сарапшылар қатысты.

Құжатта мемлекет назар са­лу­ға тиіс біраз мәселелер тізбек­тел­ген. Ашып айтсақ, төмен жала­қы­­ның – 32,6 пайызы, экология проб­­лемасының – 28,5 пайызы және жұмыс­сыздықтың 27,2 пайызы белгі­ле­ген. Ел болашағына тұсау болатын өзекті мәселелер қатарына жастар қылмыстың өсуін (31,9%) және барлық салалардағы ауқымды сыбайлас жемқорлықты (31,4%) да көрсеткен.

«Ауқымды қоғамдық және тех­но­логиялық трансформация­лар, ақпараттық ағындардың өзара енуі жағдайында әлеуметтік қатынас­тардың бүкіл жүйесі, оның ішін­де құндылық бағдарлары мен ха­лық­тың жалпы эмоционалды фоны айтарлықтай өзгерістерге ұшы­райды. Бұл трендтер жастардың көңіл күйі мен дүниетанымына айтар­лықтай әсер етуі мүмкін. Жас­тарды әлеуметтендіру үдерісінде нашақорлық, құмар ойындар және қорқыту мәселелері де өзекті. Атап айтқанда, респонденттер өздері немесе олардың айналасындағылар марихуана сияқты есірткі түрлерімен – 40,7, жылдамдықпен – 30,5 және кокаинмен 27,1 пайызы кездескенін атап өтті. 18-21 жас аралығындағы респонденттер – марихуананы, 31-34 жастағы үлкендері кокаинді жиі атап өтті», деді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айсұлу Ерниязова.

Бүгінде қоғамның өзегін өртей­тін түйткілге айналған лудома­ния турасында да зерттеу жүргізілген. Пікірталас аясында жастардың спорт­­тық бәс тігуге – 78,9, онлайн бас тігуге 65,2 пайызы кезік­кен. Олар мұн­дай форматтағы жарна­ма­лар­дың көпшілігін көшеден, кино, теле­хи­кая­ларды интернеттен көру бары­сында жолықтырған.

«Зерттеу нәтижелері қазіргі жас­тардың әлеуметтену қаупі дамудың экономикалық және әлеуметтік-мәдени аспектілеріне әсер ететіндігін көрсетеді. Бұл проблемалар бүгінде жалпы халықтың 28,9 пайызын құрайтын жастармен қарым-қатынас орнатуға айтарлықтай қысым жасауы мүмкін екенін түсіну маңызды», деп түйіндеді жиынға қатысқан әлеуметтанушы Әлімхан Күдеринов.

Дариға ҚҰРМАНӘЛІ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ 4-курс студенті

Бөлісу:
Жастарды әлеуметтендіру мәселесі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар