Спорт
2 мин оқу 151

Достық пен бауырмалдық жеңісі

<p style="text-align: justify;">Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасындағы ІІ Түркі универсиадасы өз мәресіне жетті. Бауырлас елдердің спортшы өрендерінің басы қосылған Түркістандағы дүбірлі додаға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан мен Түркия елдерінен 500-ден аса жас қатысып, төрт күн бойы спорттың жеті түрінен өзара бақ сынас&shy;ты. Спорттық ойындар &laquo;Olympic Сenter&raquo; спорт кешені мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында өткізілді.</p>

Достық пен бауырмалдық жеңісі

Универсиаданың ашылу салтанатында Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек құттық­тап, сайысқа қатысу­шыларға сәттілік ті­леген еді. Ал Түр­­кістан об­лы­сы­ның әкімі Дархан Са­ты­балды түр­кі елде­рінің басын қосқан спорт дода­сының маңызды екенін атап өтті.

«Түркі елдерінің екінші универсиа­дасы жоғары деңгейлі халықаралық жарысқа айналып отыр. Бүгін түркі әлемінің 6 мемлекетінен талантты спорт­шылар жиналды. Сіздер – сан ғасырлар әлемді мойындатқан Ер тү­ріктің ұрпағысыздар! Осыдан 3 күн бұрын елордамыз Астанада Түркі мем­­лекеттері ұйымының оныншы сам­миті өтті. Оған түркі мемлекет­терінің басшылары қатысып, бауыр­лас елдер арасындағы татулықты нығайту жолындағы маңызды ше­шімдер қабылдады. Екінші Түркі универсиадасының да мақсаты осы. Біз барлық бауырлас елдермен жан-жақ­ты қарым-қатынасты нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Түркі ел­дерін жақындататын ауқымды жобаларды жалғастырамыз», деді Д.Сатыбалды.

Сондай-ақ облыс әкімі жарыс­ты тарихи шаһарда өткізуге қолдау көр­сеткені үшін Түркі мемлекеттері ұйымы мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығына алғысын білдірді.

Бауырлас елдер жастарының бір­лігін бекемдеу, ортақ мәдениет пен тарихымызға қызығушылығын арттыруды мақсат еткен жарыстың қо­рытындысы бойынша волейболдан ерлер мен әйелдер арасында қазақ­стандық студенттер үздік атанды. Универсиаданың дзюдо және еркін күрес спорт түрлерінен, әсіресе Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің спортшы жастары жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Қазақстан командасының құрамындағы университеттің 5 сту­дентінің төртеуі жеңіс тұғырынан көрінді. Футзалдан Қырғызстаннан келген команда, ал шахматтан Өз­бекстан жастары бірінші орынға ие болды. Еркін күрестен Қазақстан алға шықса, дзюдода өзбек және әзербайжан студенттері көш бастады. Ал грек-рим күресінде Түркия елінің балуандары басқа құрама спортшыларына есе бермеді. Ерлер арасындағы үстел теннисі бойынша Мажарстан, қыздар арасында Түркия командасы жеңімпаз атанды.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да өткен сайыстың жабылу салтанаты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау бей­неролигімен басталды.

«Бұл сайыс спорттық бәсекемен қатар, шынайы достықтың да жар­қын үлгісін көрсетті. Түбі бір түркі халқының тарихы мен дәстүрі, қуа­ты баршамызға ортақ мығзымас құн­дылық екені сөзсіз. Бұл сайыста түркі жұртының достығы мен шынайы бауырмалдығы жеңіске жетті деп есептеймін», делінген министр тілегінде.

Ал Түркістан қаласының әкімі Нұр­бол Тұрашбеков универсиадаға қатысқан спортшылардың әрбірі өз елінің мақтанышы, үміт артқан ұр­пағы, түркі елдері жастарының түркі мемлекеттерінің рухани астанасы – Түркістанда бас қосуы үлкен мәртебе екенін атап өтті. Салтанатты рәсім бары­сында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы мен Қазақстан Ұлттық студенттік спорт одағының вице-президенті Мұхтар Есқалиев III Түркі универсиадасын өткізу үшін туды Қырғызстан Республикасы өкілдігіне салтанатты түрде табыс етті.

ТҮРКІСТАН 

Бөлісу: