Ауыл
2 мин оқу 1,250

Егізі көп ерекше ауыл

<p style="text-align: justify;">Қазалы ауданында кеңес одағының батыры Үрмәш Түктібаев есімін иеленген ауыл бар. Әдепкіде іргесі қаланғанына келер жылы 85 жыл толатын осы байырғы жұрттың өзге елді мекендерден көп айырмашылығы жоқтай көрінетіні бар.</p>

Егізі көп ерекше ауыл

Сонау 1939 жылы Алға, Жаңабасшылық, Бозкөл және Жаңажол колхоздарын біріктіру арқылы құрылған ауыл 1956-1966 жылдары Карл Маркс атындағы колхоз болыпты. Елдегі ағайынның тірлігіне байланысты Октябрь күріш кеңшары атанған да кезі бар. 80-жылдардан бастап кеңес одағының батыры Үрмәш Түктібаевтың есімімен аталып келген мекен осы күні Алға ауылдық округінің орталығы саналады. Есімі елді мекен атауын иеленген Үрмәш Түктібаев – 1917 жылы осы топырақта дүниеге келіп, екінші дүниежүзілік соғыста 27 жасында Латвияның Лудзасында жан қиған батыр.

2 мыңға жуық тұрғыны бар бұл ауылда жастар көп. Жұмысқа жарамды жұрттың бәрі қол қусырып қарап отырған жоқ. Егін егіп, мал бағып, тіршілік көшіне ілесіп келеді. 400-ден аса бала №88 Байжігіт Әбдіразақов атындағы орта мектепте білім алады. Былтыр осы білім ошағын бітірген 21 оқушының 17-сі грант иеленіп, жоғары оқу орнына түсіпті. Мектеп ғимаратындағы №20 «Жайна» балабақшасына баратын сәби қатары қалың.

Бала демекші, егер осы ауыл­да дүниеге келген егіздерді топтаса, бір қауым елге айналар еді. Сонау 1973 жылы ауылдағы Орынбаевтар шаңырағында Асқар, Гауһар атты егіз дүние есігін ашыпты. Төрт жылдан кейін өзге де отбасыларда Айгүл-Нұргүл Бегалиевалар, Алтынбек-Болатбек Әләуовтер, Қанат-Жанат Жүгінісовтер дүниеге келіп, іңгәлап жатыпты.

Одан кейін де әр жылдарда қос-қостан туғандар аз емес. Ел тәуелсіздік алған 1991 жылы ауылдағы үш үйелменде Ержан-Нұржан, Жанарыс-Бекарыс, Алмат-Самат секілді егіздер дү­ниеге келіпті. Қазір бұл жігіттер әр салада жемісті еңбек етіп ке­леді.

Жалпы, қазақтың жан санамайтынын білеміз. Сол ырымға қырын келмес деп есептеп көр­сек, сонау 1973 жылдан бері осы ауылда 24 егіз туыпты. Ал­ды елудегі, соңы 5 жасқа енді іліге­тін сол егіздерді жинап, 48 адам қатысқан шеру өткізуге де болады екен.

Осыдан 4 жыл бұрын осы ауылдағы бес балалы Алтын­баевтар отбасына бірден 3 сә­би қосылды. Қызылорда қаласын­дағы Ана мен бала орталығында дүние есігін ашқан үшемдер – Айғаным, Айғанат, Асылым қазір аман-есен өсіп келеді.

Жалпы, осы уақытқа дейін елімізде бұл құбылыстың сырына бойлаған ешкім жоқ. Әлемдік зерттеушілер дерегінше, егіздер санынан Еуропа құрлығы көш бастаса, Қазақстан 48-орында тұрған көрінеді. Жер бетіне сыймай жатқан Қытайыңыз соңғы орында тұр.

Біздің білуімізше, Қызылор­дадан бөлек Ақтөбе облысындағы Алтай батыр, Қостанайдағы Тәгіл елді мекендері егіздерімен ерекшеленеді. Дегенмен де бұл тараптағы нақты көрсеткіштері бар мәліметтер жоқтың қасы.

Қызылорда 

Бөлісу:
Егізі көп ерекше ауыл · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар