Мәдениет
3 мин оқу 190

Ұлт мүддесіне берік «Мұрагер»

<p style="text-align: justify;">Жас ұрпақ ұлттық құндылықтарды бойына мейлінше мол сіңірген адал да арлы, саналы да парасатты азамат болуы керек-ақ. Бірақ сол тәрбиенің тінін қалай бекітеміз деген сауал бүгінде ел ертеңін ойлайтын адамның бәрін толғандырып жүргендігі хақ. Мысал іздеп төңіректі шоламыз. Жылт еткен жаңалық болса құба-құп. &laquo;Жүрген аяққа жүргем ілігеді&raquo; демекші, қияндағы Жақсы ауданының Белағаш ауылында жан сүйсінтерлік жақсы іс бар деп естідік.</p>

Ұлт мүддесіне берік «Мұрагер»

Ауылдағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Азамат Асылбеков көпті толғандырып отырған келелі мәселенің тетігін тауыпты. Мектеп мұғалімі қат-қабат жұмыстан қолы босаса, кейінгі жылдары уақыт шы­мыл­дығы тұмшалап тастаған ілкідегі Алаш баласының жүй­­рік баптап, ит жүгірткен әдемі дәстүрін бүгінгі күннің бе­де­рі­мен айшықтап, қайта жаң­ғыр­тып жүр екен. Мектеп жанынан «Мұрагер» клубын ашыпты.

Клубтың негізгі мақсаты – ауыл балаларын ат құлағында ойнайтын шабандоздыққа бау­лу. Әрине, ауыл баласының тақымы тайға тиюден қалды демесек те, шабандоздықты шын өнер санап, ауыздығымен алысқан тұлпарды тақымдау өзгеше өнер. Демек оның қыр-сырына бойлап, қапысыз мең­герген жөн. Кәсіби негізде аузы­мен құс тістеген ерен жүй­рік­тің жалына жармасып жүр­ген жеті-сегіз оқушы бар екен. Тәубе дерлік. Ғұмыры ат үстінде өскен арыдағы аруақты ата-бабаның бүгінгі жалғасы жыл­қы­ны жатырқамаса керек қой. Қызығушылар да аз емес. Шоқ жұлдыздай ауылдың жиыр­­маға жуық баласы құрбы­ла­ры­ның бәйге атының басына мінген мықтылықтарына қы­зығып, ниет білдіріп жүр. Азамат Шернияз­ұлының өз ұл­дары Данияр, Ділшат және оқу­шысы Нұртілеу Ырымхан аудандық, облыстық деңгейдегі әртүрлі қашықтықтағы бәй­геге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл арада айта кететін бір жайт, жылқының жалын жас­танып өткен аталарымыздың бүгінгі ұрпақтары тұлпардың тізгінін ұстау ғана емес, тілін білу, жүйрік жарату өнерін бүге-шігесіне дейін байыптап, тү­сініп-түйсіну. Айналып келгенде жер апшысын қуыратын хас жүйріктің бітім-болмысын, жаратылысын ұғу. Түптің тү­бін­де атбегілік өнерді қапысыз меңгеру.

– 2014 жылы ел іргедегі Ре­сей­­ден арзан көлік әкеліп жатты, мен болсам ағылшын тұ­қым­ды жылқының екі құлы­нын әкелдім, – дейді тарих пәнінің мұғалімі. – Кейін сол «Жезкиік» пен «Самалдан» бірнеше құлын алып, қолтума сәйгүліктер өсір­дім. «Самал», «Ханшайым», «Гауһартас» атты сәйгүліктерім топ жарып, жүлдеге ие болып жүр. «Барқас», «Ахилес» атты қолтума жылқыларымды баптап, жарыстарға қосып келемін. Бабы келісіп, бабы жанса, жүл­де­сіз қалмайды.

Кейіпкеріміз 6-сынып оқу­шысы кезінде-ақ жүй­рік­тің жалын тартып мінген екен. Тіпті республикалық дең­гейдегі ат жарыстарға да қа­тыс­­қан. Сол кезде олжалаған дип­ломдары мен медальдары от­ба­сылық мұ­ра­ғатында сақ­тау­лы. Ендігі бір құмарлығы – құмай тазы. Ағынан ақтарылған әңгімесін тыңдасаңыз, құмай тазысын біреу ит десе өкпесі қара қа­зандай болып ренжіп қалады екен.

– Ашаршылық жылдары бір ауылды бір тазының асы­ра­ғандығы туралы дерек өте көп. Киіз үйге кіріп, боса­ғасында жататын жеті қазы­наның бірі емес пе, – дейді Азамат Шерниязұлы. – Ақ көр­песін жамылған сайын далада ауыздығымен алысқан қақпан бел ат мініп, дегдар тазы ертіп келе жатсаң, сол сурет-ақ көкірегіңді қуанышқа бөлемей ме? Біз барымызды бағаламай жүрген халықпыз. Әйтпесе, құмай тазының тұқымын ірге­дегі көршілеріміз «азиятская борзая» деп еншілеп алды, қы­мызға немістер ие. Ал ұлттық құн­дылықтарымызды өзіміз ұлық­тауға неге сонша енжармыз?

Тарих пәнінің мұғалімі ұлты­­­­мыздың салт-дәстүрі мен көне тарихын жас ұрпақтың бо­йы­на шым-шымдап сіңірмек. Көкпарды да, теңге ілуді де, то­ғыз­құмалақты да меңгерген. Ал домбыра тартып, ән салғанда ерке Есілдің бойындағы қалың тоғай дүр ете түсетіндей.

– Азамат Шерниязұлы біздің мектепте 2007 жылдан бері жұмыс істейді, – дейді мектеп директоры Айгүл Ермұханқызы. – Ол нағыз ұлт жанашыры, сабақтары да өте қызықты әрі мазмұнды өтеді. Шәкірттерін өлкеміздің тарихымен таныс­тырып, олардың бойына туған елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырып келеді. 2014 жылы білім ошағының жанынан тарихи-өлкетану музейін ашты.

Айтпақшы, осы музей бұл өлкеде бірінші болып ашылған екен. Бағзы замандағы тас, те­мір дәуірінен жылға тартатын, қатпары қалың қазына тура­лы сыр шертетін 3 мыңға жуық жәдігер жинақталыпты. Осының бәрі – тарих мұғалімінің талпынысы. Белағаш ауылының басым бөлігі өзге этнос өкілдері бол­ға­нымен, елгезек мұғалімнің ерен еңбегін бағалай біледі екен. Олар да өздері күнелтіп жат­­қан өлкенің өз тарихын ер­теңді ойлаған Азаматтан сұ­рап біледі. Жалғыз өзі жарғақ құ­ла­ғы жастыққа тимей, осынша шаруа­ны тыңғылықтап жүрген қара­­пайым мұғалімнің үлкен ісіне қалай сүйсінбессің.

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы

Бөлісу:
Ұлт мүддесіне берік «Мұрагер» · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар