Түркияның Анкара қаласында «Ұлы Дала Алтыны» көрмесі таныстырылды
<p style="text-align: justify;">Түркияның Анкара қаласында тарихи Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы Дала Алтыны» атты көрме ашылды. Көрме авторы – белгілі археолог, профессор, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев. Көрмеге әйгілі Берел, Елеке сазы, Қарақаба археологиялық орындардан табылған жәдігерлер топтамасы қойылды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>
Берел қорымынан табылған әйелдер киімдерінің және ат әбзелдерінің ғылыми реконструкциялары көрмедегі ең көз тартатын жәдігерлердің бірі болды. Сонымен қатар VIII ғасырда өмір сүрген жауынгер-музыканттың реконструкциясы, Қатонқарағай ауданы Қарақаба қорымынан табылған музыкалық аспаптар, дулыға маскасы, әшекейленген жауынгерлік белбеу, қынап, қылыш, садақ, жебелер, Қимақ қағанаты жауынгерінің қару-жарақтары, киімдері таныстырылды.

Тоқыма бұйымдарының реконструкциялары Венгрия шеберханасында арнайы табиғи жібек матадан жасалған.
Көрменің маңызды элементі - №11 Берел қорғанынан (б.з.д. IV-III ғғ.) табылған ат әбзелдері болып табылады. Ат әбзелдерінің салтанатты әшекейлері оның дәрежесіне қарай ерекше керек-жарақтары болуымен, атап айтқанда, алтын өрнектермен безендірілген ағаш мүйіз маскасымен және былғарымен ерекшеленеді. Ершік полиморфты жануарлардың бейнелерімен безендірілген.
Көшпелілер дәуіріндегі зергерлік бұйымдар өркениет дамуының ең биік деңгейін, сондай-ақ, өткен ғасырлардағы зергерлердің тамаша шеберлігін көрсетіп, қазақ халқының тарихына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ сол күні музейде Зейнолла Самашевтың «Көне түрік бейнелеу өнері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.