Аймақтар
4 мин оқу 200

Батыста тасқын қаупі бар ма?

<p style="text-align: justify;">Қазір қыстың ортасы, қақаған аяз. Дегенмен Батыс Қазақстан облысы көктемгі су тасқынының алдын алу қамына кірісіп кетті.</p>

Батыста тасқын қаупі бар ма?

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайын­дық жөнінде кеңейтілген жиын өткізіп, тиісті мекеме басшыларының баяндамасын тыңдады. Өйткені биылғы ауа райының құбылмалылығы, ылғалдың мол­дығы көктемгі су тасқынының алдын алуға ертерек дайындалу қажеттігін көр­сетіп отыр.

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орын­басары Рашид Біләловтың айтуынша, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шең­берінде бірқатар іс-шара атқарылған екен.

«Кешенді жоспарымыз бойынша 700 млн теңге қаржы жұмсап, 133 іс-шара орындадық. Әкімдіктер 210 млн теңгеге 100-ден аса жабдық пен арнайы техника сатып алды. Қазірдің өзінде 19 уа­қытша гидробекет орнатылды, 41 км-ден астам қорғаныс бөгеті салынды және нығайтылды. 21 км-ден астам арық, автожолдарда 49 су өткізу құбыры мен 37 бетондық құрылыс орнатылды», дейді Рашид Бекетұлы.

Бұған қоса өңірде 1 тиегіш трактор, 67 500 қапшық, 68 мотосорғы, 22 моторлы қайық, 12 мұз кесу құрылғысы мен 13 мотобұрғы, 5 электрогенератор, өрт сөндіру жеңдері, құтқару кеудешелері, қысқы киім мен дрон сатып алынған.

Алдағы уақытта Бөрлі ауданы бойынша Кеңтүбек, Ақсай қаласы, Ескі Арал­тал, Жаңа Аралтал аумақтары, Өспен, Жаңаталап, Бақтыарал ауылдарында қор­ғаныс бөгеттерін орнату, Ақбұлақ ауы­лындағы бөгетті қалпына келтіру қажет. Достық ауылындағы бөгетті күр­делі жөн­деу, 1 мотосорғы, 1 қайық сатып алу күн тәртібінде тұр.

Ал Бәйтерек ауданында Перметное ауылындағы бөгеттің құрылысы, Чирово су қоймасын жөндеу және Раздольное ауылындағы су қоймасының шлюзын жөндеу жоспарланған.

Шыңғырлау ауданында да «Қызылкөл-Ардақ-Ақтау» жолының 17 және 31 шақырымында, сондай-ақ «Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай» автожолының 70 және 73 ша­қырымында су өткізу құбырларын ор­нату, 1 мотосорғы, 1 қайық сатып алу керек.

Теректі ауданының Подстепное ауы­лында, Болашақ және Керемет шағын аудандарында су бұру арнасының құры­лысына жоба құжатын жасақтау, 6 мото­сорғы сатып алу да көзделіп отыр екен.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өңірдегі гидротехникалық қондырғыларды жан-жақты зерттеп тексеріп, Қараоба, Солян­ка, Чирово су қоймаларының жоба құ­жатын түзетуге тиіс. Мұратсай су қой­ма­сын жөн­деу де – кезек күттірмейтін іс.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Бөрлі-Ақ­сай-Жымпиты» автожолының 80 ша­қырымында, «Чапаев-Жаңақала-Сайхын» жолының 157, 227, 238, 244, 255, 265 шақырымдарында, «Жаңақала-Ұялы-Бисен» жолының 192 шақырымында жол астынан су өткізу құбырларын орнатуы қажет. Қазталов ауданындағы Әжбай ауылында қорғаныс бөгетін орнату, Ақжайық ауданы бойынша Алғабас ауы­лындағы Киров каналы арқы­лы өтетін жолды нығайту, Орал қала­сының Шұғыла-Қамбар батыр кө­ше­сіне арық жүйесін орнату да өз кезегін күтіп тұр.

«Қазавтожол» мекемесі «Подстепное-Теректі-РФ шекарасы» автожолының 11 және 13 шақырымы тұсында, сондай-ақ Қаратөбе ауданындағы Қоржын ауы­лына кіреберіс жолдың 4, 5, 11 ша­қы­ры­мында су өткізу қабілетін жо­ғары­латуы қажет.

Төтеншеліктер облыс аумағындағы автожолдарда су басу қаупі жоғары 49 орын бар екенін айтады. Мұның 46-сы – автокөлік жолы, үшеуі – теміржол.

Ықтимал төтенше жағдайды жоюға қазір 4 мыңнан астам адам, 1 мыңнан астам техника, 88 жүзу құралы мен 329 мотопомпа дайындыққа келтірілген. Сондай-ақ 23 мың тонна инертті материал, 145 мың қап, 557 тонна жанар-жағармай қоры дайындалыпты.

«2,5 млн теңгеге ғарыштық мониторинг және 80 млн теңгеге аэровизуалды зерттеу жүргізуге келісімшарт жасақ­талды», дейді Р.Біләлов.

Кейінгі жылдағы су тасқыны салдарын ескере отырып, Батыс Қазақстан облысында тасқын қаупі ең жоғары аумақтар – Орал қаласы, Бәйтерек, Тас­қала, Бөрлі, Қазталов және Қаратөбе аудандары болып бекітілді.

Орташа қауіп – Теректі, Шыңғырлау, Сырым, Ақжайық және Жәнібек аудандарына тиесілі.

Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарында су тасқыны қаупі жоқ деуге де болады.

Жиын барысында ауа райы болжамы, су қоймаларын тиімді пайдалану жөнінде баяндамалар жасалды. Бөр­лі, Қаз­талов аудандарының әкімдері мен Орал қаласы әкімінің орынбасары көк­темгі су тасқынының алдын алу бағы­тында атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев орынбасарларына арнайы комиссия құ­рып, су тасқыны болуы мүмкін мекен­дерді аралап, су қоймаларын, құбырларын тексеруді тапсырды. Сонымен қатар өңір басшысы қаңтар-ақпан айларын тиімді пайдаланып, қар тазалау, құбырларды тазарту бойынша жұмыс жүргізуді жүктеді.

Батыс Қазақстан облысы 

Бөлісу:
Батыста тасқын қаупі бар ма? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар