Еңбек
3 мин оқу 403

Еңбек дауы қалай шешіледі?

<p style="text-align: justify;">Еңбек дауының төркіні жалақының кешіктірілуінен туындайды. Ал жалақысын уақытында алмаған жұмысшылар прокуратура мен мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жиі жүгінеді. Сөйтіп, тиісті органдардың қызметкерлерінен қолдау күтеді.</p>

Еңбек дауы қалай шешіледі?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың еңбек құқығын қорғауды назарға алып отыр. Осыған орай Атырау облыстық прокуратурасының алқа отырысында еңбек заңнамасының сақ­талуы, еңбек қатынастары саласын­да туындаған дауларды болдырмау мәсе­лесі талқыланды. Оған облыс әкімі Се­рік Шәпкенов, қала және аудандардың про­курорлары, өңірдегі ірі мұнай компания­ларының бірінші басшылары қатысты.

Облыс прокуроры Бауыржан Жұма­қа­новтың дерегіне сүйенсек, прокура­тураның қадағалау жұмыстары нәтиже­сін­де кейінгі 20-ға жуық кәсіпорын әкім­шілік жауаптылыққа тартылған. Кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 мыңнан аса жұмысшының құқығы қорғалып, 586 млн теңге жалақысы өндірілді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың Жолдауында азаматтар­дың еңбек құқығын қорғауды қатаң қада­ғалау тапсырылды. Осыған орай Бас прокурордың тапсырмасымен бірқатар іс-шара атқарылды. Мәселен, «Gold Construction», «Вест Дала», «КМГ-Секьюрити» және басқа да мекемелерде еңбек қауіпсіздігі бұзылып, жалақы уақтылы төленбеген. Еңбекақы мөлше­рін арттыру, тұрғындарды жұмыспен қамту саласында орын алған осындай құ­қық бұзушылықтар жойылды. Біліктілік талабы мен лауазымы сәйкес емес 200-ден аса шетел жұмысшысының рұқсаты кері қайтарылды. Ал заңсыз еңбек қыз­метін жүзеге асырған 18 шетелдік ел аумағынан депортациялау арқылы шығарылды», дейді Б.Жұмақанов.

Оның айтуынша, прокуратура қызмет­керлері Мемлекет басшысының тапсырмасына орай азаматтардың құқы­ғын қорғауды жалғастыра бере­ді. Осы орайда прокурорлардың азамат­тарды қабылдау тиімділігі артып отыр. Бұрнағы жылдың 6 айымен салыс­тырғанда, былтырғы сәйкес кезеңде жеке қабылдауға жазылған адам­дардың саны 4,5%-ға өскен. Өткен жылдың алғашқы 6 айында 58 мыңнан аса азаматтың, оның ішінде 18 мың баланың, 4,2 мың кәсіп­кердің құқығы қорғалған. Прокурорлық ден қою шараларымен мемлекетке 489 млн теңге залал өтеліп, 6,1 млрд теңгенің мүлкі қайтарылыпты.

Былтыр Жылыой ауданының проку­ратурасы жұмысшылардың еңбек құқы­ғын бұзу дерегін анықтады. Оның ішін­де «Батыс Тех Инвест» ЖШС-ның жұ­мыс­шыларына еңбекақыны төлемеу, сон­дай-ақ «ЖылыойСу» МКК мен «Интер­Таско» ЖШС-ның «Теңіз» кен орнын­да­ғы жұмысшыларына зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер аударылмай келген. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде Жылыой ауданындағы 180 жұмыс­шыға 32 млн теңге еңбекақы бере­шегі өтелді. Ал 744 жұмысшыға 48 млн теңге көлемінде зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер өндірілген.

«Қадағалау органы қызметінің алда­ғы уақытта атқарар жұмысының басым бағыттары айқындалды. Оның ішінде азаматтардың, кәмелетке толмаған­дардың, әсіресе ана мен баланың, кәсіп­керлердің конституциялық құқықтарын, мемлекет мүддесін қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару секілді міндеттер бар. Сондай-ақ атмосфералық ауа мен ауыз­судың сапасын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа, есірткінің заң­сыз айналымына қарсы күреске ерек­ше назар аударылады», дейді Б.Жұма­қанов.

Атырау облысының әкімі С.Шәпке­нов­тің айтуынша, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау басты назарға алынып отыр. Өйткені мемлекеттің басты ұста­нымы – адамның құқығын қор­ғау, заң үстемдігін сақтау. Әр адам құқы­ғы мен атқарған жұмысына сай жалақы­сын мерзімінде алуы керек. Осы орайда кәсіпорындар басшылары тарапынан жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалып, әлеуметтік ахуалына көңіл ауда­рылғаны жөн.

Ал Атырау облыстық мемлекеттік ең­бек инспекциясы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, өткен жылы жұмысшылардан 2 456 шағым түскен. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 158 шағымды қараған.

«Басқарма қызметкерлеріне бірнеше міндет жүктеліп отыр. Біріншіден, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету көзделген. Екіншіден, жұмысшылардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын, оның ішінде қауіпсіз еңбекпен қамта­ма­сыз ету қатаң қадағаланады. Үшін­ші­ден, жұмысшылар мен жұмыс беруші­лердің еңбек заңнамасы бойынша арыз-шағымдары қаралады. Өткен жылы басқармада 2 456 өтініш тіркелді. Мем­лекеттік еңбек инспекторларымен 2 158 өтініш қаралды. Еңбек инспекторлары шағымдарға байланысты және профи­лактикалық бақылау негізінде 330 тексеру жүргізді. Оның қорытындысымен еңбек заңнамасын бұзудың 367 дерегі анықталды. Заңсыздықтарды жою үшін 153 ұйғарым енгізіліп, 127 әкімшілік хат­тама толтырылды. Заң талабын бұзған­дарға 17,4 млн теңге айыппұл салынып, 15,4 млн теңге өндірілді», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Жоспардан тыс тексеруінің бірі меди­ци­налық мекемеге жүргізілген. Мем­ле­кеттік еңбек инспекторлары 38 жұмыс­шының құқығы бұзылғанын анықтады. Заңсыздық жойылып, былтырғы қаңтар-қараша айында қызметкерлерге 27,6 млн теңге өтемақы толық өндірілген.

 

Атырау облысы 

Бөлісу: