Дәстүр
3 мин оқу 230

Бозанбайдағы бүркітшілер мерейі

<p style="text-align: justify;">Қабақтың үстінен ұшқан қыран қалықтап келіп, қашқан қоянды тегеурінімен ілсе, қаршыға мен ителгі ұшқан оқтай көктегі көгершіндерді теуіп түсіріп жатты. Мұндай сәтте ХVІІ республикалық бүркітшілер біріншілігіне жиналған жұрт қиқу қосып, &laquo;әп, бәрекелді&raquo; дескен-ді.</p>

Бозанбайдағы бүркітшілер мерейі

Биылғы қыста Бозанбайдың төрінде құсбегілердің сайысы екінші рет өтті. Қарашада халықаралық деңгейде ұйым­дастырылса, бұл жолы тек Қазақ­стан қырандарының қы­ра­ғылығын анық­тайтын сайыс болды. Ақпандағы ақ боранға қарамастан, еліміздің әр өңі­рінен 70-тен астам бүркіт пен 40-тан астам қаршыға және ителгі әкелінді. Бес күнге созылған сайыстың алғашқы күні саңқылдатып құс көтерген құсбегілер таныстырылып, жеребе тартылды. Қас­қыр ішік, саптама етік, түлкі тымақ киген бүркітшілер келе жатқанда, ру­хың асқақтап, арқалана түсе­тінің рас. Президент те ұлттық сипаттағы дү­ние­ні кеңінен дәріптей түсуіміз керек деді емес пе?! Ал Бозанбай ауылы құсбегілер ортасына айналып келе жатқалы қашан. Оның үстіне елімізге ғана емес, әлемге белгілі бүркітші Ай­­шолпан Нұрғайыпқызының отбасы сонау Моңғолиядан осы ауылға қоныс аударды. Әріге үңілсек, Бозанбайда Өз­бек Ма­напов деген әккі құс­бегі өткен. Оның құсбегілігі тура­лы кеңес өкіметі тұсында Жапонияның журналистері де келіп репортаж жасаған екен. Соған қарағанда, Бозанбай құт қонған, құс қонған қасиетті мекен секілді.

– Құсбегілік өнерге қызы­ғушылық артып келеді. Ел кө­лемінде көптеген жарыс­тар өтіп жатыр. Соның ішінде соңғы кезде Шығыс Қазақ­станда құс­бегілік өнер қанатын кеңге жайып келеді. Биыл екінші рет еліміздің құсбегілері Бозан­байда бас қосып отыр. Бұл ауылда елге белгілі бірқатар бүр­кіт­шілер тұрады. Ол да Шы­ғыста құсбегілік өнердің да­муына үлкен әсер етеді деп ой­лаймын. Білесіздер ме, бұл ауылда тағы бір кіш­кентай бүр­кітші қызымыз тұрады. Есімі Айзере. Осы­ның бәрін ескеріп ХVІІ республикалық бүркітшілер чемпионатын Бозанбайда өткізуді жөн көрдік. Жарыс жеңімпаздары Астанада өтетін дүниежүзілік көшпелілер ойы­нына қатысады, – дейді

ҚР «Құс­бегілік» бүркіт­шілер федера­циясының вице-пре­зиденті Бағдат Мүптекеқызы.

Жарыс нәтижесінде, сонау Аты­рау­дан ат арытып кел­ген құсбегі Сар­мат Әб­дікәрімұлының қыраны жа­рыс­тың чемпионы атанды. Екінші орынды ал­матылық Аян Сейітжан қан­жы­ғасына бас­ты. Жүлделі үшін­ші орын­ды пав­лодарлық Алан Ысқа­қов­тың бүр­кіті тегеурінге ілді. Соны­мен қа­­­тар қаршыға мен ителгі ұшыр­­ғандардың да жүлделері анықталды.

– Боран қыранның қана­тымен ере жүретін табиғи құбылыс. Қар, боран аңшылар үшін қиындық емес. Қалай бол­ғанда да нағыз қы­­ран­дар фи­налға шығып, жеңіске жет­ті. «Шығыс Алтай» бүр­­кітшілер фе­де­ра­циясын бірнеше жыл басқарып, өңірде құс­бе­гіліктің дамуы­на өзін­дік үлесімді қостым. Енді Шы­ғыс пен Абай бөлініп жатыр. Ал­дағы уақытта да әкімдік қол­дау көрсетіп отырса, мұндағы бүр­кітшілер же­місті жұмыс істейді, – деп, бүр­кітші Тәттімбет Кәп­ұлы сенім білдірді.

Бозанбайға жаңа қоныс аударған құсбегі Нұрғайып Ырыс­­ұлының айтуынша, бола­шақта бұл ауылда бүр­кітшілер орталығы ашылады. Орталық құсбегілікпен ғана шектелмейді, сон­дай-ақ ұлттық өнерді, салт-дәстүрді наси­хаттауға бағытталады.

Сөйтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жүзге жуық құсбегі Қалба сі­лемінде қырандарын қалықтатып қайт­ты. Иә, қолға қыран қон­дырған бүр­кіт­шілер құс қана көтеріп жүрген жоқ, ұлт­тық рухты да биіктетеді.

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы,

Бозанбай ауылы

Бөлісу:
Бозанбайдағы бүркітшілер мерейі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар