Аймақтар
2 мин оқу 293

Жаман індет Бесқауғадағы жылқыға да жетті

<p style="text-align: justify;">Қарағанды облысының бірнеше аулына тарап үлгерген эпизоотиялық лимфангит біздің өңірге де жеткендей. Осы аптада Екібастұздың ауылдық аймағында қауіпті індетті жұқтырған жылқы шаруашылығы карантинге жабылды.</p>

Жаман індет Бесқауғадағы жылқыға да жетті

Өңірлік ветеринария басқар­масы эпизоотияға қарсы іс-ша­ралар бөлімінің басшысы Са­мат Мажиров хабарлағандай, эпизоо­тиялық лимфангит Екі­бастұзға қарасты Бесқауға ау­лындағы «Қуаныш» шаруа қо­жалығында тіркелген.

«Биыл 14 ақпанда Екі­бастұз ауылдық аймағының Қоянды ауылдық округіне қа­рас­ты Бесқауға аулында 1 бас жылқы өлгені тіркел­ді. Жыл­қылар ара­сында эпизо­отия­лық лимфангит және са­қау ауруларын болдырмас үшін патологиялық материал ірік­теліп, зертханаға жіберілді. 19 ақпан күні зерт­ханалық зерттеу­лер өлген жануарда эпи­зоо­тиялық лимфангит дерті болғанын анықтады. Табында шамамен 624 жылқы болған, оның 223-і – биелер», деп мә­лімдеді ветеринария бас­қармасының өкілі.

Елді мекенде лимфангит ауруының расталуына байла­нысты Қоянды ауылдық окру­гі әкімінің қаулысымен 20 ақпаннан жылқыларға эпи­зоотиялық карантин салынды. Карантиндік жағдайларда ауру жануарлардан алынған өнімдерді сатуға, тасымалдауға, әкелуге, әкетуге және пайда­лануға тыйым салынады.

«Ветеринариялық-сани­тар­лық ережелерге сәйкес ауру мал қан шығарылмай жойылуы керек. Өлген жануарлардың ұшасы терісімен бірге жойы­лады. Екібастұз қаласында жа­нуарлардың өліктерін өр­теу үшін жылжымалы өрт сөн­­діру қондырғысы жұмыс істейді. Жануарларды сауық- т­ыру шаралары, сондай-ақ ша­руашылықтан алып қойыл­ған және жойылған ауру жа­нуарлардың құнын өтеуді Рес­­­публикалық эпи­зоотия­ға қар­сы жасақ жүзеге асы­рады. Ал карантин соңғы ауру мал жойылғаннан кейін, жыл­қы­ларды қорытынды кли­­никалық тексеруден, үй-жай­ларды тазалаудан және дезинфекциялаудан өткізген соң, үш айдан кейін алынады», деп түсіндірді С.Мажиров.

Маманның сөзінше, эпи­зоотиялық лимфангит – лимфа тамырлары мен лимфа тү­йін­­дерінің зақымдалуынан те­рі­нің, теріасты тіндерінің ірің­ді қабынуымен сипаттала­тын тақтұяқтылардың созылма­лы жұқпалы ауруы. Ин­фекция қоз­дырғышының көзі – ауру мал. Таралу факторлары – ат әбзелдері, байлау ба­ған­дары, күтім заттары (маталы көр­пелер, сөмкелер, шелектер, та­рақ­тар және т.б.), төсек-орын жаб­дықтары, көң, ауру жа­нуар­лардың секрециясымен лас­танған құралдар. Инфекция не­гізінен ауру жануарлармен байланыс арқылы жүреді. Дертке ұрынған малдың етін жеуге және жануарларға беруге тыйы­м салынады. Ауру анық­талған үй-жайлар дезинфекция­ланады.

Өңірлік ветеринария басқар­масы қазір Қарағанды облысымен шекаралас аудандардың (Май, Баянауыл аудандары мен Екібастұз қаласы) әкім­де­ріне малдардың қозғалы­сына, шалғайдағы мал айдау пункт­теріне бақылауды кү­шейту, ветеринария мамандарына ха­лықпен түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуге көмектесу туралы хаттар жолдаған.

Қоянды ауылдық округінің әкімі Ержан Уразалимовтің ай­туынша, бүгінге дейін «Қуа­ныш» шаруа қожалығында жұқ­палы дерттен 3 бас мал өлген. Ша­руа­шылықтағы өзге жа­нуарлар ветеринариялық дәрі­герлердің бақылауында.

Павлодар облысы,

Екібастұз ауылдық аймағы

Бөлісу: