Саясат
3 мин оқу 170

Нәтижелі сапар

<p style="text-align: justify;">Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бейжіңге жұмыс сапары аясында ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесіп, жобаның жай-жапсарын талқылады. Бастама қызметі музей, кітапхана ісі, музыка және кино өнері, тіл үйрету сынды бағыттарға екпін береді деп жоспарланып отыр.</p>

Нәтижелі сапар

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы достық, татулық және ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік қарым-қатынас белсенді дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-ға ресми сапары аясында Си Цзиньпин­мен кездесіп, 2022 жылы екі елге ортақ мәдени орталық­тар құру туралы келісімге қол жеткізді. Елдер арасын­дағы мәдени диалогті дамытудағы бұл маңызды қадам мәде­ниет пен өнер саласындағы ын­ты­мақтастықты нығайтатыны анық.

«Қытай мен Қазақстан – ұзақ уақыттан бері стратегиялық одақтас, сондай-ақ барлық сала бойынша тығыз қарым-қатынас орнатқан серіктес. Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы татулық­ты одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға берік негіз болды. Біз өз тарапымыздан орталықтың ашылуына қатысты барлық мәселені жедел шешуде барынша қолдау көрсетеміз», деді Сунь Ели.

Сапар барысында Қытай­дағы Қазақстан орта­лығы­ның мазмұндық тұжы­рымдамасы әзірленіп, ғимарат таңдау­ға қатысты ұйымдастырушы­лық мәселелер мен құқық­тық аспектілер пысықтал­ды. Сондай-ақ министр­лер мәдениет саласындағы келі­сімдерге қол қою арқылы бірлескен жұмысты күшейтуді көздейді. Екі ведомствоның одан әрі байланысын арттыру үшін театр және концерт­тік ұжымдар арасындағы гастрольдер, көрмелер мен классикалық әдебиет туындыларын өзара аудару, басып шығару және тағы басқа жобалар қарастырылған.

А.Балаева Қазақстан үшін Қытайдан мұрағат материал­дары мен мәдени мұраны қайтарудың маңызына тоқ­талды. Оған қоса цирк өнері мен хореография саласындағы студенттер мен оқытушыларға арналған ҚХР мамандары­ның шеберлік сыныптарын өт­кізу, кинематография бойынша гранттар бөлу, музей ісі саласында тәжірибе алмасу және тарихи-мәдени мұраны сақтау, реставрациялау өзекті екенін атап өтті.

Жұмыс сапары барысында министр ҚХР радио және теледидар істері жөнін­дегі Мем­лекеттік басқарма басшысы Цао Шуминмен де жүздесті. 

«Қазақстан-Қытай серік­тес­­тігі барлық салада жақ­сы қарқынмен дамып келе­ді. Екі елдің телеарналары бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асырды. Біз жаңа форматта контент жасау арқылы микросериалдар мен елдер туралы бейнероликтер түсіріп, олар­ды теледидарға тарату бағы­тындағы жұмысты күшейтуді ұсынамыз», деді Цао Шумин.

Отырыста Аида Балаева ҚХР телеарналарында көр­кем, деректі, анимациялық фильмдердің ротациялануы­на қолдау сұрады. Соны­мен қатар бірлескен сериал, Қазақстанның көрікті жерлері мен мәдени нысандары туралы роликтер түсіруде көмектесуге әзір екенін айтты. Ізінше министр хабар тарату ауқымы бойынша әлем­дегі ең ірі БАҚ-та көрсетілетін Қытайдың телевизиялық шоу­ларына отандық мәдениет өкілдерінің қатысуына ерекше қызығушылық танытатынын құлағдар етті.

Ал А.Балаеваның ҚХР «Global China Media Corpo­ration» ірі медиа корпора­ция­сының бас директоры Шэнь Хайсюнмен кездесуінде қытайлық тарап екі елдің мә­дени мұрасы мен мәдени құн­дылықтарын насихаттауға бағыт­талған деректі фильм­дер шығару туралы келісім жасау­ды ұсынды. ҚХР Ұлт­тар істері жөніндегі Мемлекет­тік ко­митет төрағасы Пан Юэмен жүздесуде министр Қазақ­­стан тарихында алғаш рет құрылған көпұлтты «Бір­лік» ән-би ансамблінің Бей­жіңге гастрольдік сапарын ұйымдастыруды қозғады.

Мәдениет және ақпарат министрінің Бейжіңге жұ­мыс сапарында Қытай Үлкен театрының директоры Ван Нинмен кездесіп, тараптар екі елдің театр өнерін дамыту мәселелерін талқылады. Қазақ­стандық делегация «Үлкен қызыл арман» қойылымын тама­шалап, биік эстетикалық деңгейде қойылған би драмасы­нан ерекше әсер алды. Айта кетейік, Наурыз мейрамы қар­саңында Қытай радиостансаларында қазақ күйлері беріледі. 

Бөлісу:
Нәтижелі сапар · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар