Өнер
2 мин оқу 120

Көкшедегі көркем мереке

<p style="text-align: justify;">Көгілдір Көкшеге көктем лебі жетті. Зәу биіктен себезгілей құйылған шуақпен мерекеге орай көкіректерде бүр жарған аялы сезім астасып, төрткүл төңіректің бәрі жадырай жайнап кеткендей.</p>

Көкшедегі көркем мереке

Облыс орталығындағы Достық үйінде өткізілген «Шуақ шашқан мереке» атты концерттік бағдарлама өзінің мән-маңызымен көрермен көңілін баурап, сан санаға ой салғандай. Қо­ғамдық келісім мекемесінің басшысы Ермек Нұғыман нәзік жандылардың бүгінгі қоғамдағы өзіндік орны туралы тереңнен толғай айтып берді. Әр отбасының алтын діңгегіне айналып отырған асыл аналардың төл мере­кесі көңілдерді көктем етер ән-жыр­сыз өткізілмейтіндігі белгілі. Бұл күні қыз-келіншектерге алаулаған құ­­шақ-құшақ гүл сыйланып, жүрек жа­ды­ратар құттықтау сөздер айтылды. Ең бастысы, мерекелік ша­раға жиналғандар ондаған ұлттар мен ұлыстардың өкілдері еді. Олардың бір-біріне деген ақжарма сөзінен-ақ сүттей ұйыған татулық пен бекем бірлікті айқын аңғаруға болады. Облыстық славян, орыс және ка­зак ұйымдары қауымдастығының төр­ағасы Геннадий Осиненконың да құттықтау сөзі көпке ой салғандай. Ол өз сөзінде ұлы өнердің ұлттар мен ұлыс­тар арасындағы достықтың алтын арқауын бекіте түсетін күш екендігін айтып берді.

Этномәдени орталықтардың өнер­паздары әр тілде әсем әндерін орын­дап, мың бұралған билерін жиналған қауымның назарына ұсынды. Әр тілде ай­тылғанымен, мазмұн-мағынасы жарқын дүниенің жарастығын бірге бөлісіп, ел тарихын бірге өрісіп жату­дың өзі бір бақыт екендігін мең­зеп тұрғандай. Қыс бойы қабағы түк­сиіп тұратын Көкше аспаны дәл осы күні жадырап, бауырындағы тағ­дыр табыстырған тәмам жұрттың қуанышына өз шаттығын еселеп, көңіл тостағанын шүпілдете толтырып тұрғандай еді.

Татулыққа, бір-бірін ұға білгенге не жетсін, шіркін!

Көкшетау 

Бөлісу:
Көкшедегі көркем мереке · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар