«Жер сағаты». Астана тұрғындарына жарықты өшіру ұсынылды
<p style="text-align: justify;">23 наурыз күні Астана қаласында «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясы өтеді. Іс-шара аясында қала тұрғындарына жарықты және электр энергиясын тұтынатын тұрмыстық техниканы 1 сағатқа өшіру ұсынылды, деп жазады <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz.</a></p>

Қалалық әкімдік дәстүрлі түрде өтетін акцияны елордалықтар әрдайым қолдайтынын айтты.
«Акция 23 наурыз күні сағат 20:30-дан 21.30-ға дейін өтеді. Қала тұрғындарын ғаламшардың болашағына бей-жай қарамай, аталған уақытта жарық пен тұрмыстық электр құралдарын өшіріп, маңызды акцияға атсалысуға шақырамыз. «Жер сағаты» – Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қамқорлығымен жыл сайын өтетін іс-шара. Акцияға әлем бойынша 2 млрд-тан астам адам қатысады. Акцияның мақсаты – планетаның табиғаты мен ресурсына жауапкершілікпен қарауға назар аударту», делінген хабарламада.
Осы уақытта елордадағы мемлекеттік органдар, ведомстволық бағынысты ұйымдар, сауда-ойын-сауық орталықтары, ірі спорт кешендері мен бизнес орталықтарда жарық сөндіріледі. Себебі, әкімдік аталған орындар акцияны қолдап отырғанын мәлімдеді.