Қоғам
2 мин оқу 350

Атыраудағы ақын кеші

<p style="text-align: justify;">Қазақ поэзиясының белді өкілі, ақын, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шахановтың өлеңдері көп оқылады. Ұлт руханиятына айтулы үлес қосқан ақынның оқырмандары қатарында атыраулықтар да бар.</p>

Атыраудағы ақын кеші

Жақында Атыраудағы Абай орталы­ғындағы кездесуде ақын шығармашы­лығындағы құндылықтар үндестігі атап өтілді. Ақын өлеңдерінің астарынан ар алдындағы адалдықтың мо­раль­дық-этикалық идеалын ұғынуға бола­ды. Ал махаббат пен достыққа, мейірімділікке үндейтін өлеңдері оқыр­манын адамгершілік болмыстан айнымауға, адалдыққа жетелейді.

Кездесуде ақын Мұхтар Шаханов ұлтты сақтаудың басты шарты – тіл мен дәстүрге қатысты ойымен бөлісті. Оның пікірінше, поэзияның басты ұстанымы – бұрын ешкім айтпаған сөзді оқырманға жеткізу.

«Менің шешем 13 баланы дүниеге әкелді. Бірақ менен басқасы сәби кезінде түрлі аурудан қайтыс болды. «Менің үш ұлым бар. Үлкені – Шәмші, екіншісі – Тө­леген және кенжесі Мұхтар», деп отыратын еді шешем. Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергенов ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Шәмшімен бірге ел-жұртқа танымал болған 16 ән жаздық», деді М.Шаханов.

Ақынның досы аз. Оның ішінде өзге ұлттың өкілдері де бар. Соның бірі – қазақты өз ұлтындай құрмет тұт­қан қырғыз жазушысы Шыңғыс Айт­матов. Ал белгілі драматург, жазушы Ра­хым­жан Отарбаев ақынды руханияттың белді өкілі ретінде сыйлайтын еді.

«Қазақ жерінің әр өңірі маған қым­бат, оның ішінде Атырауды да жү­регімде сақтап жүремін. Бұдан 30 жыл бұрын жұ­мыссыз қалғанымда, атыраулық до­сым Орынбасар Еркіновтің үйінде алты ай тұрдым. Досым шығар­машы­лығымды тоқтатпауыма бар мүм­кіндікті жасады. Оның үйінде көптеген өлең жаздым», дейді ақын.

Оның шығармаларын тек аға буын ғана емес, жастар да қызығушылықпен оқи­ды. Мәселен, ерлі-зайыпты Дулат пен Наз­ерке Хамзиндер ақынның ли­рика­­лық шығармасына орайласты­рыл­ған «Махаб­батты қорғау» қойылы­мын ұсынды.

«Екеуміз де – Мұхтар ағаның оқыр­манымыз. Біз ақынның поэзия кешінде танысқанбыз. Сол себептен мұндай кез­де­суді қалт жібермейміз. Бүгінгі кез­десуге ақын туындысынан қойылым әзір­­ледік», дейді Дулат Хамзин.

Ал Жанболат есімді тағы бір оқыр­ман – техника саласындағы маман­дықтың иесі. Мұхтар Шахановтың поэзиясын оқиды. Ол кездесуге ұлын ерте келіпті.

«Поэзиясын жақсы көретін Мұхтар Шахановтың Атырауға келгенін кез­дейсоқ білдім. Ұлымның мұғалімі WhatsApp желісіндегі статусында осын­дай жа­ңалықпен бөліскен екен. Ақын­ның өлеңдерін тыңдау үшін келдім. Отба­сылық кітапханамызда сақталған жыр кітабына қолтаңбасын алдым», дейді ол.

Жергілікті оқырмандар ақынның қолтаңбасын алды. Естелік суретке түсті. Ал ақын адалдық пен достық, ма­хаббат пен мейірімділік хақында пікір білдірді. «Әр адамның айнасы – адал­дық. Дос-жаран мен ағайынға, Отан мен кәсіпке адалдықтың жөні бөлек. Ең бас­тысы, ар алдындағы адалдықтан айнымаған жөн», деді ақын.

Атырау облысы 

Бөлісу:
Атыраудағы ақын кеші · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар