Көрме
2 мин оқу 201

Көзді арбаған көне аспаптар

<p style="text-align: justify;">Қосшы қаласынан жеткізілген көшпелі көрмеде екі жарым ғасырдан астам уақыт бұрын жасалған көне домбыра, ұлтымыздың түрлі аспаптары, Қаныш Сәтбаев ұстаған домбыраның көшірмесі қойылды.</p>

Көзді арбаған көне аспаптар

Ақмола облысы Қосшы қаласының мәдениет үйіне қарасты ұлттық аспаптар му­зейінің қорында сақталған көне аспаптардың ұзын саны 1600-ден асатын көрінеді. Музей басшысы Азамат Бақия әдетте көзіміз көріп үйренген ұлттық аспаптардан бөлек, желбуа­з, уілдек, тастауық, үскірік, құс­сайрауық, шыңырау, қоссаз, қосуілдек, тұлыпсырнай, керней, ұра, бұғышақ аспап­тары­ның әрқайсысының ерекшелігіне тоқталды. Көбі көрмек түгілі, атын естімеген саз бұйымдары. Ай­туынша, кез келген адам сазсырнайда 5-7 минутта ойнап үйрене алады. «Сазсырнай аспабы жас балалар үшін өте пайдалы. Мұнда 6 ойық – 6 нота бар. Ал балалар қолынан тастамайтын смартфонда бұдан да көп комбинация жасайды. Біріншіден, үрмелі аспап өкпеге пайдалы. Екіншіден, қолдың маторикасын дамытуға өте ың­ғайлы», дейді этнограф.

Көрмедегі ең көне жәдігер­лердің бірі – 223 жыл бұрын жасалған домбыра. Оның бет тақтайы 1960 жылдары ауыс­ты­рылған екен. Ал академик Қаныш Сәтбаев ұстаған дом­быраның көшірмесі әйгілі жер­лес ғалым туралы фильмде пай­даланылған.

Келушілерді ерекше қызық­тырған жәдігер – жолбарыстың үнін айнытпай келтіретін ерекше аспап. Бұл – кәдімгі қауақ деген көкөніс. Қауақтың екі жақ шетін кесіп тастап, ішін тазалайды. Бетін ешкінің те­рісімен қаптайды. Ортасын тесіп, қалыңдығы бір елі қылды бе­кітеді. Қылды сулап тартқан кезде аспаптан айбат шеккен жолбарыстың үні шығады. Осы дыбысты естіген өзге аңдар қамыс ішінде жолбарыс бар екен деп жақындамайды екен.

Көрменің ұйымдасты­ры­луына «Шаңы­рақ» облыстық орталығы мен «Jebe» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

ПАВЛОДАР 

Бөлісу: