Бокс
2 мин оқу 70

Әзербайжанда алты жүлде алды

<p style="text-align: justify;">Бакуде &laquo;Ұлы Жібек жолы&raquo; турнирі аяқталды. Еліміздің былғары қолғап шеберлері үшін бұл жарыс сәтсіз басталған еді. Алғашқы күні шаршы алаңға шыққан алты жерлесіміздің екеуі ғана келесі кезеңге өткенде көңіліміз біраз құлазып қалды.</p>

Әзербайжанда алты жүлде алды

Әсіресе біз Қамшыбек Қоң­қа­баев­тың жеңілгеніне қынжылдық. Аса ауыр салмақта күш сынасқан қан­дасы­мыз тұсаукесер кездесуінде есімі көп­шілікке беймәлім Рамазан Кар­ну­каевқа жол берді. Ингушетияның тумасы 2021 жылы жастар арасында Ресей чемпионы атанып, 2022 жылы Бүкілресейлік спартакиадада қола медальды иеленді. Бар белесі – сол ғана. Міне, қазақтың беткеұстар бокс­шысы соған есе жіберді. Осы жекпе-жекке байланысты жанкүйерлер түрлі пікір айтып жатыр. Кейбіреулер «Олимпия ойындарының жолдамасын күні бұрын олжалаған Қоңқабаев қазір бабында емес, ол мүлдем босаңсып кеткен» десе, бәзбіреулер «келесі ке­зеңде өзінің сыралғы қарсыласы Баходир Жалоловпен жолықпау үшін Қамшыбек осындай қадамға барды» деп топшылады. Бұл ретте қос тараппен де келісуге болады. Біздің ойымызша, Қам­шыбек өзбектің оғланынан қай­мық­қан секілді. Басқа айтар уәжіміз жоқ.

Әзербайжанның астанасындағы жарыс әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Серік Теміржанов үшін де сәтсіз аяқталды. 63,5 кг салмақта сынға түскен ол ринг қожайыны Рус­лан Рустамовтан ұтылды. Сол секіл­ді Дамир Әбдіқадыр (51 кг) иран­дық Мэхди Парвизиге, Тимур Нұр­сейітов (75 кг) өзбекстандық Әлішер Аюповтан айласын асыра алмады.

Финалда бес жерлесіміз жұды­рық­тасты. Шешуші тұста Талғат Сырымбетов (60 кг) әзербайжандық Азрак Бабыровты, Дархан Дүйсебай (71 кг) өзбекстандық Бекзод Ха­мидовты, ал Сағындық Тоғамбай (92 кг) Альфонсо Домингесті ұтты. Бұл ретте Тоғамбайға ерекше тоқ­тала кеткен жөн. Ақтық сында ол тым азулы қарсыласқа тап болды. Әзербайжанның туы астында өнер көрсетіп жүрген кубалық қабыланның Токио Олимпиадасының қола жүл­дегері, Еуропа ойындарының же­ңімпазы, 2021 жылғы әлем чем­пио­ны және 2022 жылғы сол жарыс­тың финалисі деген атағы бар. Бірақ қазақтың ұлы одан қаймыққан жоқ. Бә­­секенің басынан аяғына дейін қар­қынын еш бәсеңдетпеген Сағын­дықтың же­ңісіне ешкімнің күмәні болған жоқ.

Ақтық сайыста әзербайжандық Хасан Мәліковтен ұтылған Теміртас Жүсіпов (48 кг) күміс медальды ен­шіледі. Жартылай финалда Еуро­па чемпионы, ресейлік Максим Кузнецовты қапы қалдырған Тимур Қабдешов (54 кг) финалда өзбекстандық Хужа­назар Нор­тожиевпен күш сынасты. Екінші раундта ол қарсыласын нок­даунға жіберді. Бірақ кейінгі кезеңде қандасымыздың қабағы жарылды. Соның салдарынан жекпе-жек мер­зімінен бұрын тоқ­татылып, Тимур күміс медальды қанағат тұтты. Ал жартылай финалда сүрінген Бекзат Таңатар (86 келі) қо­лаға қол созды.

Нәтижесінде, 3 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдені олжалаған Қазақстанның боксшылары жалпы есепте үшінші орынды иеленді. Алдымызда – Өз­бекстан (5+6+5) мен Әзербайжан (3+3+0) құрамалары. 

Бөлісу:
Әзербайжанда алты жүлде алды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар