Қоғам
2 мин оқу 240

Кітап оқысаң, түрмеден ерте шығасың

<p style="text-align: justify;">Ең оқымысты халық қазақтар емесін білеміз. Тіпті іргеміздегі Ресей десеңіз де қате. Неде болса, Қытай немесе Испания шығар дедік. Бірақ көп кітап оқитын ұлт исландиялықтар деп танылыпты.</p>

Кітап оқысаң, түрмеден ерте шығасың

Бәлки, бұл исландиялықтардың ауа райына, табиғатына һәм менталитетіне байланысты болар. Не десек те, Ислан­дияда жыл сайын мыңға жуық кітап шығарылып, кемі жарты мыңнан бас­талып, он мыңдаған данаға дейінгі тиражбен жарық көреді. Бір қарағанда, аса көп болып көрінбегенімен, елдегі халық санының аздығын ескерсек, 1000 адамға 3 кітаптан айналады екен. Исландиялық баспагердің сөзінше, ондағы әр алтыншы тұрғын роман жазады. Тіпті бұл мемлекетте «Әр адамның жүрек түк­пірінде жазылмаған кітап бар» деген мәтел де жатталып қалған. Алақандай елге тым жақсы нәтиже. Ал біздегі бас­падан жарық көріп жатқан кітаптардың тираж саны мың данадан аспайтынына уақыт өте көзіміз үйреніп келеді.

Кейде планетадағы барша адам кі­тап оқуды сүйетіндей көрінеді: бі­реу – заманауи прозаны, енді біреу – фантастикалық шығарманы, біреу  классиканы оқығанды ұнатады. Тіпті сүйіп оқымаса да, әйтеуір әріп танитыны хақ. Бірақ бұл ойымыз да қате екен. Сауатсыздық пен қара танымау – әлі де бәз баяғыдай түйт­кілді проблема қалпында. Өкінішке қарай, әлемдегі әр бесінші ересек адам оқи да, жаза да алмайды. Бұл статистика көбінесе Оңтүстік және Батыс Азия, сондай-ақ Сахара шөлінен оңтүстікке дейінгі Африка елдерінде көрінеді.

Ал Бразилия түрмелерінде сотталушыларды кітап оқуға ынталандыратын арнайы бағдарлама бар. Ереже бойынша, әр оқылған кітап жаза мерзімін 4 күнге азайтады. Сонда, ең көп дегенде, жазасын өтеуші кітап оқып, бір жылда жалпы мерзімнен 48 күнді қысқартып, бейбіт өмірге жоспардағыдан аз-кем ертерек шығуға мүмкіндігі бар. Мойындау керек, кейбір елдерде түрмедегі былай тұрсын, бостандықтағы халықты оқуға шақыруға, жалпы әдебиеттің, ру­ханияттың дамуына ешқандай амал-шара жасалмайды. Сондықтан брази­лиялықтардың бұл жо­басы кімге де бол­са үлгі боларлық, қы­зығарлық бас­тама. «Жақсыдан үйрен» деген осы емес пе?

Бөлісу: