Президент Батыс Қазақстан облысының су басқан аумақтарын аралады
<p style="text-align: justify;">Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап көрді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Дәлірек айтқанда, Президент Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарында қалыптасқан жағдайды бақылады.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Президентке 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады.

Қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген. Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары атсалысып жатыр. Қарғын су басқан аумақтардан 7 мыңға жуық тұрғын көшірілген, жедел-эвакуациялау пункттері құрылған. Зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінді.

Қазіргі уақытта су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.



