Тасқынмен күрес: Еріктілер саны 43 мыңнан асты
<p style="text-align: justify;">Ел бойынша су тасқынымен күреске белсенді қатысып жатқан еріктілер саны 43 мыңнан асты. Олардың күшімен 6 640 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды, оның 4 048 тоннасы «қызыл» аймақтарға жеткізілді және зардап шеккен халыққа таратылды. Еріктілер халықты эвакуациялауға, гуманитарлық көмек жинауға және таратуға, бөгеттерді күшейтуге, сондай-ақ ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қатысып, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетіп жүр, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Ақтөбе облысында волонтерлердің бірлігі мен күшінің арқасында 308 тонна азық-түлік, 85 тонна азық-түлік емес қажетті тауарлар және 223 килограмм дәрі-дәрмек эвакуациялық пункттерге бөлінді. 10 мыңға жуық құтқарушы мен эвакуацияланған тұрғындар үшін ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Атырау облысында еріктілер штабы шұғыл режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 13 мыңнан астам волонтер жұмылдырылды. Гуманитарлық көмек қабылдау пунктінде осы күні 1 390 тоннадан астам тауар жиналды. Атырау қаласында бөгетті күшейту үшін 107 пункт орнатылған. Бөгет тұрғызу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Батыс Қазақстан облысындағы құтқару жұмыстарына 8 000 волонтер қатысты. Көмек жинау пункттерінде 415 тонна гуманитарлық көмек жиналды.
Қостанай облысында 3 500-ден астам ерікті тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарына қатысты.
Шымкентке 1 500-ге жуық волонтер жұмылдырылып, олардың бір бөлігі зардап шеккен өңірлерге жол тартты.