Жайық жағалауын нығайту жұмыстары жалғасып жатыр
<p style="text-align: justify;">Мамандар Жылыой ауданында су басқан үйлерді техникалық тексеруден өткізіп жатыр. Ал Атырауда Жайық жағалауын нығайту жұмысы 96%-ға орындалды. Соңғы тәулікте Құлсарыда 77 үйде электрмен, 155 үйде газбен жабдықтау қалпына келтірілген. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Спикердің айтуынша, 25 сәуірдегі жағдай бойынша Құлсары қаласында 3 мың 591 адам біржолғы материалдық көмек алған, залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия 2 мың 523 өтініш қабылдаған, мүлікті техникалық тексеруге 40-тан астам маман тартылған.
Қазіргі уақытта шығарылған судың көлемі 1,8 млн текше метрді құрайды, 1 мың 710 жеке тұрғын үйден су кетті. Өткен тәулікте 100 үй мен 3 әлеуметтік нысанда дезинфекциялық жұмыстар жүргізілген.
«Жайық өзенінде су тасқынына қарсы алдын алу шаралары жалғасып жатыр. Оның 96%-ға жуығы атқарылды, яғни 521 км бөгеттің 500 км-ден астамы салынды», деді спикер.