Қазақстан Кубогі: Садақшылар саны рекордтық көрсеткішке жетті
<p style="text-align: justify;">5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық шеңберінде Семейде дәстүрлі садақ атудан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Кубогі басталды. Оған алғаш рет қатысушылардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. Атап айтқанда, 300-ден астам үздік садақшы еліміздің барлық өңірінен қатысып жатыр, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>. </p>

Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, жарыс төрт түрлі нысан бойынша өтеді. Пута нысанасы (9 оқтан 7 мүмкіндік), қалқан нысанасы (7 оқтан 7 мүмкіндік), жамбы нысанасы (5 оқтан 5 мүмкіндік) және командалық жарыс барлық спортшыға бірдей 4 нысанада бақ сынау мүмкіндігі беріледі. Аталған әр нысан бойынша ерлер және әйелдер 1,2,3 орындары бойынша медальдармен және дипломдармен марапатталады.


Ұлттық спорт қауымдастығының мәліметінше, жарыстың алғашқы күнін 200-ге жуық ер және 100-дей әйел пута нысанасы (9 оқтан 7 мүмкіндік) бойынша бастады. Жоғары ұпай жинаған 16 спортшы іріктеліп, 1/16 финалда сайысты. Жеңіске жеткендер: Ербол Тапенов (Астана), Әли Сейсигюзель (Атырау қаласы), Мақсат Әбдікерімов (Шымкент), Айкөркем Батихан (Астана), Динара Жақсылықова (Астана), Ажар Төлеуқанова (Өскемен қаласы).