Ер-ана ерекше құрметтеліп еді
<p style="text-align: justify;">Кешегі Кеңес одағы кезінде мал шаруашылығындағы тамаша та­­бысымен аты дүрілдеп шық­­қан, жемісті де жеңісті істе­ріне ел сүйсінген екі мәрте Ең­бек Ері Жазылбек Қуанышбаев барша қазақ айрықша мақ­тан тұт­қан тұлғаның бірі. Шу өзенінің жағасына дейін жайы­лып жат­қан Мойынқұмның құмды бел-белестері мен Хан­­тауы­ның оты мол көк шал­ғын, көкорай бөктерінде мың­ғыртып қаракөл қойын өсірген шопан атаның соңынан ерген шәкірт­тері, жұмысын жақсы жалғас­тыр­ған ізбасар­лары да көп болған.</p>

Солардың бірі – «Айдарлы» кеңшарының аға шопаны ретінде әрқашан көзге түсіп, тек биіктен ғана көрінген Еңбек Ері, марқұм Ділдаш апа Итбасова. Иә, ол шын еңбек бақытын қой бағудан жаңылмай тапқан жан еді. Соның арқасында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне екі рет депутат болып сайланды, «Қазақ КСР-нің мал шаруашылығына еңбегі сіңген шебер» атанды.
1983 жылы Мойынқұмның әйгілі «Тұлпарсаз» жайлауында аталған ер-анамыздың 70 жастық мерейтойы үлкен салтанатпен мерекеленді. Бұл қатысушылардың барлығының жанына, жүрегіне шуақ-нұр құйған басқосуға мойынқұмдықтармен қатар, жан-жақтан жүздеген қадірлі қонақ жиналып, той иесіне ақ ниеттерімен ақжарма тілектерін арнаған болатын. Олардың ішінде Ділдаш апаның қанаттас, қатарластары, Еңбек Ерлері, Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы түбіндегі аудандарда тұратын Сындыбала Оңғарбаева, Дариға Жантоқова аналарымыз да жүрген-ді.
Мына суретте сол мерейтойдың бір сәті бейнеленген. Атап айтқанда, дүйім жұрттың арасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, осы құмды өңірді ұзақ уақыт басқарып, оның өсіп-өркендеуіне, аршындап алға басуына үлкен үлесін қосқан Айтекең, Айтбай Назарбеков Ділдаш апамызды марапаттап тұр. Жанында – кең-мол пішілген денесін бұрып, жарқын жүзімен қарындасына мейіріммен қараған, тершіген маңдайын енді-енді ғана ақ беторамалымен сүрткен, кеудесінде қос жұлдызы жарқыраған жарықтық Жаз-ата, Жазылбек Қуанышбаев.
Кезінде «Еңбек ер атандырады» деген мағынасы зор сөз көп айтылатын. Расында, ісін өте адал, жұмысын үнемі үздік атқарғандарды әрдайым төбемізге көтеріп, төрге шығаратынбыз. Біраз уақыт, негізінен нарықтық экономиканың әсері болар, бұл мәселенің мәні солғын тартып қалғандай еді...
Бүгінде еңбектің жасампаздық күш-қуатына жаңаша сипат беріліп, еңбек адамының мәртебесін биіктетіп, мерейін өсіруге айрықша көңіл бөлініп отырғаны қуантады.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист