Білім
2 мин оқу 130

Зауытта ақылы тәжірибеден өтеді

<p style="text-align: justify;">Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері С.Киров атындағы зауытта ақылы іс-тәжірибеден өтеді. Университет пен зауыт өнеркәсіптік технологияларды дамыту бойынша тәжірибе алмасуға, ғалымдар мен инженерлерді техникалық қайта даярлауды дамытуға мүдделі. Сонымен қатар тараптар ғылыми бағыттағы ынтымақтастықты да нығайтуға ниетті.</p>

Зауытта ақылы тәжірибеден өтеді

Осыған орай ұйымдастырылған Физика-техникалық факульте­тінің 15 жылдығына арналған «Ғы­лым және бизнес: даму жолдары» атты дөңгелек үстел барысында ын­тымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойылды. Уни­верситет пен «С.Киров атын­дағы зауыт» акционерлік қоғам­мен ынтымақтастық тура­лы ке­лісімге келгенінің нәти­жесінде ізденушілер ақысы төленетін тағылымдамаға қабылданатын болды.

Еуразия ұлттық университе­тінің стратегиялық даму жө­нін­дегі проректоры Ду­ман Айт­мағамбетов: «Мемо­ран­думға қол қою – ғылым, білім және өнді­ріс­тік интегра­ция саласындағы стра­тегия­лық маңыз­ды қадам. Біз ынтымақ­тастық шеңберінде бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ сту­дент­терді өндірістік базада тәжірибеден өткізу арқылы жоғары білікті кадрларды даярлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Меморандум ел игілігі үшін ғылым мен өн­дірістің одан әрі байланыстарын нығайтуға берік негіз қалады деп сенемін», деп атап өтті. 

Ал аталған университеттің «Радиотехника, электрони­ка және телекоммуникация­лар» ка­федрасының меңге­рушісі Қанат Маханов «RFID жүйесі үшін дөңгелек поляри­зацияланған антеннаны жобалау» жобасын жүзеге асырып жатыр. Ғалым ғылыми зерттеулерін жүзеге асыру барысында қажетті заттарын осы зауыттан сатып алады. «Біз зауыт­тан өзіміздің зерттеу жо­бамыз үшін баспа плата­ла­рын сатып алдық. Себебі олардың бұл өнімі жоба шеңбе­ріндегі талаптарға толық сәй­кес келеді. Болашақта біз өз университетімізде жобаның алғашқы нәтижелерін енгі­зу бойынша ғылыми ынтымақ­тастықты одан әрі дамытамыз», деп түсіндірді ғалым Қ.Маханов.

С.Киров атындағы зауыт­тың бас директоры Алмас Нұр­мағамбетов теміржол, мұ­най-газ, энергетика салаларын­да пайдалануға арналған 100-ден астам өнім түрі шыға­­рылатынын жеткізді. «Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетімен интеграцияны нығайту біз үшін үлкен маңызға ие. Ынтымақ­тас­тығымыздың бірінші кезеңін­де ақысы төленетін тәжіри­беге қабылдауға дайынбыз. Студент­тер тегін тамақ пен жа­тын орынмен қамтамасыз етіле­тін болады. Сонымен қа­тар ынтымақ­тастығымыздың аясында Еуразия ұлттық уни­верситетінің физика-техни­калық факультетіне 5 компьютер сыйға тарттық. Алда көпте­­ген жоспар, жоба бар. Бір­лес­­кен жұмыс нәтижелі болады деп үміттенеміз», деді спикер. 

Бөлісу: