Мақтымқұлы – түркі жұртына ортақ тұлға
<p style="text-align: justify;"><strong>Бүгін Түрікменстан астанасы Ашхабат қаласында осы елдің Ғылым академиясы Тіл, әдебиет және ұлттық қолжазба институты ұйымдастырған «Мақтымқұлы Пырағының даналық қазынасы» атты халықаралық ғылыми конференция жұмысы басталады.</strong></p>

Әлемдік деңгейдегі мәдени шара Шығыс және түркі дүниесі біртуар тұлғасының 300 жылдық торқалы тойына арналған. Алқалы ғылыми жиынға Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ бір топ танымал ғалым қатысады. Екі ел арасындағы өзара әріптестік аясында өтетін шаралар Қазақстан-Түрікменстан бауырластық қарым-қатынасының жаңа кезеңін айқындамақ. Өздеріңізге мәлім, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің елімізге келген арнайы сапары мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабатқа арнайы сапарында, сондай-ақ осы шаһарда өткен Каспий саммитінде ғасырлар бойы қалыптасқан достық әрі тату көршілік қарым-қатынасты арттыруға қатысты елеулі іс-жоспарлар белгіленген болатын. Сол басқосуларда екіжақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, қазіргі жауапты кезең мен даму үрдістері аясында Орталық Азияда және халықаралық аренада мемлекетаралық ынтымақтастықтың нақты бағдарларын айқындау, Қазақстан-Түрікменстан саяси сұхбаттастығын, сауда-экономикалық серіктестігін кешенді өрістету екі мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне негізделетіні айтылған еді. Әлемдік деңгейдегі тұлға Мақтымқұлының үш ғасырлық мерейтойы – осы байланыстың мәдени-ғылыми бағдарын айқындайды. Шара аясында «Қазақ газеттері» серіктестігіне кіретін «Egemen Qazaqstan» газеті мен «Türkmenistan» газеті, қос елдің балалар басылымы арасында ынтымақтастық мәселелер, ортақ ақпараттық жобалар талқыланбақ.