Елорда
4 мин оқу 200

Туристерге құшақ жайған Астана

<p style="text-align: justify;">Астананың географиялық аумағы, инфрақұрылымы оқиғалық, іскерлік, медициналық туризмге қолайлы. Қызмет көрсету сапасы да өзге қалалардан көш ілгері. Осы басымдықты басшылыққа алып, тағы да ширата түссек, елордаға сапарлайтын қонақ көбейеді.</p>

Туристерге құшақ жайған Астана

Астананың табиғаты жағажай туризміне жайлы деп айта алмаймыз. Шілде, тамызда күн әдет­тегіден қатты жылынбаса, басқа мезгілдерде ауа райы қоңыр­сал­қын, ал қысы қатал. Әйткенмен, қонақтар сол екі айды тиімді пай­даланып, қала мен жақын ауыл-д­арға ағылады. Астанаға келіп, Көкшенің, Бурабайдың табиғатын тамашалауға қалатындар бар. Ресми мәліметтерге үңілсек, былтыр Астанаға туристер алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 12,3%-ға (1 324 047) көп келген. Мұнда ішкі турис­тердің үлесі – 1 036 921 адам болса, шетелдік туристердің саны – 287 126. Біздің білуімізше, бұл – Астанаға сапарлап, қонақүй жал­даған туристердің үлесі. Бей­ресми бірнеше күнге келіп-кеткен қонақтардың ағынын дәлме-дәл айту қиын болғанымен, ресми статистика да шындыққа жа­қынырақ болса керек.

Қаладағы 257 қонақүйдегі 9 439 бөлме 17,5 мың төсек-орын­ға шақталған. Осы қатарда 5 жұл­дызды –  8 қонақүй, 4 жұлдызды – 11 қонақүй, 3 жұлдызды – 5 қонақүй, категориясыз 205 қонақүй бар. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, былтыр 3-тоқ­санда Астана қонақүйлерінің орташа толымдылығы 30,1%-ды құраған. Қалада туристік ин­фра­құрылымды дамыту шең­берінде «Red Bus» экскурсиялық автобустары қаты­найды. Мұндай автобустар аудиогидтермен жаб­дықталған. Экс­курсия турис­терге 8 тілде қол­жетімді. Қаланың көрікті жер­леріне сапарлауды ойлаған ту­ристерге «Astana City Pass» туристік картасын сатып алуға болады. Бұл алдымен қонақтардың уақытын үнемдеуге көмектеседі. Турист картасы қала­дағы 11 мәде­ниет нысанына 70%-ға дейін жеңілдікпен баруға мүмкіндік береді. Карта құны 24 сағатқа 9 990 теңге, 72 сағатқа 13 990 теңге шамасында шығады.

Астана қаласы бойынша аудио­турлар izi.TRAVEL халықаралық платформасында қолжетімді. Он­да елордадағы 164 көрнекті нысан бойынша экскурсия жүктелген. Ту­ристерге арналған қызметті жақ­сарту мақсатында visitastana.kz ақпараттық жүйесі құрылған. Aviata.kz-пен интеграцияланған сервисте әуе билеттерін сатып алуға болады. Қонақүйді Booking ха­лықаралық сервисі арқылы ал­­дын ала жалдауға мүмкіндік бар. Қалада өтетін ауқымды іс-шара­ларға да осы жүйеден билет алуға мүмкіндік бар. Visit Astana брен­дін қонақтарға мейлінше тынытуды ойлаған қала әкімдігі «visitastana.kz» брендтік киім өн­дірісіне жәрдемдесуге ниетті екенін байқатып отыр екен.

Қалаға келген туристер жиі баратын нысандардың қатарында «Бәйтерек» монументі, Ұлттық мұражай, «Астана опера» мем­лекеттік опера және балет театры, Орталық мешіт, «Хан Шатыр», ЭКСПО, Конгресс орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Ailand» отбасылық демалыс орталығы, «Астана балет» театры бар. Астанада жыл сайын орта есеп­пен алғанда 2 мыңға жуық іс-шара өтеді. Қала жылдан-жылға Орталық Азияның іскерлік хабы ретінде дамып келеді. Туристер жиі келетін елдердің қатарында Ресей, ҚХР, Түркия, Германия, Өзбекстан, АҚШ тұр. Былтыр теміржол ағыны шамамен 5,5 млн адамды құрап, жо­лаушылардың 4%-ға көбейгені байқалған. Бұл – қалыпты жағдай, негізгі өсім әуе көлігімен тасымалда тіркелген. Өйт­кені бүгінде 30 бағыт бойынша әлемнің 13 еліне 23 авиакомпания тікелей қатынайды. 79 елмен визасыз режім бекітілген. Осының есесіне халықаралық рейс­тер жанданды.

Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту бас­қармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев іскерлік, оқиғалық туризмнің дамып келе жатқанын мәлімдеді.

– Қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елорданың туристік полициясы сервистік қызметі құрылды. Туристік саланы дамыту туралы тұжырымдамаға сәйкес, Астана елдің саяси, әкім­шілік, іскерлік және мәдени орталығы саналады. Осыған бай­ла­нысты елордада іскерлік туризм басым бағыт болып белгі­ленді. Біз іскерлік туризм индус­триясын дамыту мақсатында са­ла­лық қауымдастықтар мен кор­по­­ративтік сектор өкілдерімен әріп­тестік бағдарламаны іске асы­рамыз. Оған 90-нан аса компания қатысады деп отырмыз. Елор­да брендін ілгерілетуге ықпал ете­тін іс-шараларды ұйымдасты­рушы­ларды қолдайтын бағдарлама іске асып келеді, – деді М.Жаңабаев.

Астанада туристік қызметтің сапасын ілгерілету мақсатында үйлескен жұмыстар биыл да жалғасады. Мысалы, Астананы дамыту орталығы «Visit Astana» серіктестік бағ­дарламасын іске асы­рады. Қазірдің өзінде бағдар­лама­ның 60-тан аса серіктесі бар болса, олар­дың қатарына сапалы қызмет көр­сететін қонақүйлер, мейрамханалар, туроператорлар кіреді.

Елорда туризмін дамытудың тағы бір басым бағыты меди­ци­налық туризм екенін айттық. Бү­гін­де қалада JCI халықаралық сапа стандартымен аккредиттелген 7 клиника жұмыс істейді. Астанада кардиохирургия, нейрохирургия, стоматология, пластикалық хирургия және онкологиялық ауру­ларды емдеуге мүмкіндік мол. Негізгі артықшылығы – шет­­­елдік клиникалармен са­лыс­­тырғанда медициналық қыз­­­мет­тердің құны төмен әрі сапалы. Клиникалар заманауи жабдықтармен және жоғары білікті мамандармен қамтылған. Осы көл-көсір жұмыстың есесіне қазір медициналық туризмді дамыту жағы жолға қойылып, «Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығы» құрылды. Қазір қауымдастық құрамында 46 клиника мен медициналық ұйым бар екен. Бұл қатар жылдан-жылға толығады дегенге үміт басым.

Биыл Астана төрінде V Дү­ние­­жүзілік көшпелілер ойы­ны өтеді. Бұл енді оқиғалық әрі спорт­тық туризмге жақын. Аламанға әлемнің жүздеген елінен 4 мыңға жуық ойыншы қатысады деген болжам бар. Осыған дейін елде Дүниежүзілік көшпелілер ойы­нының ұйым­дастыру комитеті құрылып, комитет құрамына мем­лекеттік уәкілетті органдардың басшылары, облыс, республикалық ма­ңызы бар қалалардың әкімдері, ұлттық компаниялардың, кәсіп­орындардың, қоғамдық ұйым­дардың басшылары кірді. Мә­дениет және спорт министрлігінің қолдауымен Дүниежүзілік көш­­пелілер ойынын дайындау және өткізу дирекциясы құ­рылды. Ұйымдастыру комитеті Дү­ние­­жүзілік көшпелілер ойыны ди­рекциясының ұсынысы бойынша Дүниежүзілік көшпелілер ойыны туралы ереже бекітті. Түркі халықтарының басын қосатын додаға спортшылардан бөлек турис­тердің де келетіні белгілі. Мұндай ауқымды ойындарды елі­міз жылда өткізе бермейтінін ескерсек, бір мезгілде бірнеше мың туристі қабылдауға асқан дайындық, жауапкершілік қажет. Ер­тең осы көшпелілер ойынын желеу етіп келген қонақтар араға тағы аз-маз уақыт салып, еліміздің көрікті жерлерін тамашалау үшін қайта саяхаттауы мүмкін ғой. Сондықтан көшпелілер ойынына кезекті іс-шара деп емес, туризмді ілгерілетудің тағы бір мүмкіндігі ретінде қарауымыз қажет. 

Бөлісу:
Туристерге құшақ жайған Астана · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар