Қазақстан садақшысы әлем чемпионы атанды
<p style="text-align: justify;">Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама спортшысы елордалық Айкөркем Батихан Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен «Fetih Kupası» турнирінде әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Астана әкімдігінің ресми сайты мәлім еткендей, аталған тарихи жеңіске Айкөркем Батихан 50 метр қашықтықта диаметрі 50 см болатын Пута нысанасы бойынша қол жеткізді.
Биыл әлемнің 20 елінен келген 300-ге жуық спортшы қатысқан аталған халықаралық турнир – Түркияда 12 жыл қатарынан үзбей өтіп келеді. Қазақстан спортшылары оған 2017 жылдан бері қатысқанымен, бұған дейін жеңіске жетпеген екен.
«Финалда Айкөркем Батихан Түркияның ең үздік садақшысымен кездесіп, оны 5:4 есебімен жеңді. Айкөркемнің жеңісі – бүкіл командамыз үшін үлкен жетістік», деді дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Диас Ахметов.
19 жастағы Айкөркем Батиханның дәстүрлі садақ атумен шұғылданып жүргеніне 1,5 жыл ғана болған.