Әлемнің жарығын сыйлайтын орталық
Сексен жылдық тарихы бар облыстық перинаталдық орталықта осы уақытқа дейін 300 мыңнан аса шақалақ дүниеге келіпті. Орталық арнайы мамандандырылған мекеме болғаннан кейін толғағы ауыр, денсаулығы нашар аналардың 22-24 пайызы ота арқылы босандырылады.
Мұнда диагностикалық және лапароскопиялық тәжірибе негізінде салмағы 500 грамм және одан да аз нәрестелерді арнаулы орындарға жатқызып, дәрігерлердің бақылауы арқылы өмірін сақтайды.
«Жыл сайын №1 облыстық перинаталдық орталыққа 10 мыңнан астам әйел жатқызылып, оның әрбірі жеке көңіл бөлуді талап ететін күрделі жағдайда босанады. Биылғы жылдың 5 айында 4093 босану жағдайы тіркеліп, 4192 сәби дүниеге келсе, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 166 нәрестеге артық», – деді орталық бас дәрігердің орынбасары Ақмарал Елмұрзаева. Сөз реті келгенде айта кетейік, биылғы жылы дүниеге келген сәбилердің 91-і егіз болса, 4-уі – үшем.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
