Жарқырап жақұт тастары...
<p style="text-align: justify;">Осыдан екі жыл бұрын әр тасы тарихқа тұнған Бестерек дейтін киелі жерде шағын ға­на музей ашылған. Ша­ғын болғанымен, іші мол мұ­раға толы. Аңыз қы­­­лып айтып жүрген Ақ­бауырдан шық­қан жә­дігерлердің 90 па­йы­зы осында, Бесте­рек му­зейін­де. Оның үсті­не түр­лі тас минерал­дың көр­месі өтіп жатыр.</p>

Музей қос қабаттан тұрады. Астыңғы қабаты кеңес өкіметі тұсындағы тарих пен Бестерек аулының батырларына, айтулы азаматтарына арналған. Ал Ақбауырдан табылған қыш құмыра, жебе мен найзаның ұштары секілді сақ заманының ескерткіштері негізгі залға топтастырылған.
– Мұндағы жәдігерлер тас, қола, темір дәуірлеріне жатады. Көргеніңіздей, қыш құмыраның да түр-түрі тұр. Археологтер Ақбауырда қыш құмыра жасайтын орын болғанын анықтаған. Кен байыту да жақсы дамыған. Оның себебі пеш орындары табылған. Яғни сақ заманында металлургия, қыш құмыра жасау болған. Ал диірмен тасына қарасақ, егіншілікпен де айналысқан, – дейді музей басшысы Сәкен Жүнісбекұлы.
Төргі сөрелерде минералды тастардың сан түрі көрмеге қойылған екен. Бірі қызыл, бірі көк тастардың формалары да сан түрлі. Бейне бір қолдан соққандай көрінеді. Алайда барлығы – табиғи тастар. Айта кетейік, мұндағы тастар Шығыстан ғана табылмаған, сонымен қатар сонау Уругвайдан әкелінген аметист және друза минералдарының табиғи қосындысын көруге болады. Қарасаңыз, жарқ-жұрқ етіп, көздің жауын алады. Енді бірі жап-жасыл минерал уваровит деп аталады екен. Жақұт тастардың ішінде Ұлан ауданында кездесетін кен байлықтар да баршылық. Мәселен, осы маңнан табылған тау хрусталі көрмеге қойылған. Сподумен сынды емдік қасиетке ие тастар да табылады. Өтірік-шынын кім білсін, жергілікті жұрт алдағы уақытта Асубұлақ, Тарғын, Огнев ауылдарында литий өндіретін кәсіпорын ашылуы мүмкін деген де болжам айтып жүр. Жетпісінші жылдарға дейін дамылсыз істеген фабрикалар қайта іске қосылса, ауылдардың да әлеуеті артар еді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы