Елордада бірқатар автобустың қозғалыс бағыты өзгереді
<p style="text-align: justify;">Достық көшесіндегі жөндеу жұмыстарына байланысты кейбір аялдамаларға қоғамдық көліктер уақытша тоқтамайды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz.</a></p>

CTS баспасөз қызметінің хабарлауынша, Достық көшесіндегі жөндеу жұмыстарына байланысты Қабанбай батыр даңғылы бағытындағы «Бағланова атындағы Қазақконцерт», «Қорғаныс министрілігі» аялдамалары мен «Керуен» сауда орталығына баратын жолдар уақытша жабылды. № 18, 28, 30, 32, 40, 46, 50, 51, 56, 60 маршруттары аталған аялдамаларға уақытша тоқтамайды.

Сонымен қатар Достық көшесінің бойындағы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің аялдама пунктіне өтетін жол да жабылған. Осыған байланысты № 30, 32, 40, 46, 51, 56 маршруттары уақытша жолаушыларды отырғызбайды және түсірмейді.

Айта кетейік, жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі әлі нақтыланған жоқ. Қала тұрғындары мен қонақтарынан ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды қадағалап отыру ұсынылады.