Telegram-ның иесі Павел Дуров Францияда ұсталды
<p>Ресейден шыққан миллиардер, Telegram желісінің негізін қалаушы Павел Дуров Францияда ұсталды. Бұл жайында француз баспасөзі хабар таратты, деп жазады <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

БАҚ мәліметінше, оның жанында құрбысы және оққағары болған.
Павел Дуров Париж маңындағы Ле-Бурже әуежайында ұсталған. Францияға кәсіпкер жеке бизнес-джетімен Әзербайжаннан ұшып келген.
Бұған дейін ол Францияда іздеу жарияланған адамдар тізімінде болған.
- Құқық қорғау органдары Telegram-да модерацияның жоқтығы және жергілікті қызметтермен ынтымақтасуға құлықсыздық Дуровты есірткі саудасына, балаларға қарсы қылмыстарға және алаяқтық схемаларға сыбайлас етеді деп санайды, - деп хабарлайды жергілікті TF1 телеарнасы.
Vc.ru мәліметінше, осы жаңалықтан кейін миллиардерге тиесілі Toncoin криптовалютасының құны 10% төмендеп кеткен.
Кейбір БАҚ тағылған айыптар бойынша ол 20 жылға дейін сотталуы мүмкін деген болжам айтып отыр.
Павел Дуров — бірнеше жылдан бері Франция азаматы. Дегенмен соңғы жылдары негізінен Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрып келді.