Сыр даласына дуадақ жіберілді
<p style="text-align: justify;">Қызылордада табиғат аясына дуадақ жіберу шарасы басталды. Табиғат қорғаушыларының «Ренеко-Қазақстан» жеке меке­месімен бірлесе атқарған шарасы аясында биыл Арал ауда­­нын­дағы қанаттылар қатарын 1512 жорға дуадақ толық­­тырады. «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда филиа­лы бас­шысының орынбасары Нұ­ридин Қасымовтың ай­туын­ша, ай соңына дейін Бет­пақ­далаға тағы 4 496 құс жіберіледі.</p>

Араб әмірліктері мен Марокко мемлекеттерінде қатары сиреген құсты қолдан көбейту тәжірибесі бұрыннан бар. Ал Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы питомникте дуадақ өсіріліп келе жатқанына оншақты жылдан асып қалды. Қазақстан мен БАӘ бірлесе қолға алған осы шаруа әлдеқашан «Қызыл кітап» «кейіпкеріне» айналған құстың қарасын көбейтуге айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Осыдан 5 жыл бұрын елімізде азайып бара жатқан құс түрін қорғап, көбейтуге ел назарын аудару үшін дуадақ «Жыл құсы» болып жарияланды.
«Табиғат аясына жіберілген құстардың бәріне білезік тағылып, олардың миграция кезіндегі қозғалысын бақылап отыруға тері астына чип орнатылған. Қанаттылар арасында аса сақтығымен ерекшеленсе де жайлы жерде өскендіктен бұлар әуелгіде ешкімнен қауіп күтпейді. Браконьерлер осындай сәтті пайдаланып, оларды атып алатын жағдай да кездеседі.
Жалпы, ерекше қорғауға алынған құстарға қару кезегендер 700 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Мемлекетке келтірген залалы тағы есептеледі. Сөйте тұра, ебін тауып атып алатындар бар. Солар құлқынын емес, табиғат байлығының құрымауын ойласа екен», дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда филиалы басшысының орынбасары Нұридин Қасымов.
ҚЫЗЫЛОРДА