Ұстаздар күнінде мұғалімдерге гүл сыйлауға бола ма
<p style="text-align: justify;">5 қазан - мұғалімдер күні. Мереке қарсаңында мұғалімдерге арналған сыйлық мәселесі жыл сайын қызу талқыланады, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық беруге шектеулер күшейтілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың мұғалімдерге де қатысы бар. Бірақ мектеп мұғалімдеріне арналған сыйлық мәселесі жыл сайын желіде талқыланады.
«Ұстаздар күні - ұстаздардың өміріміздегі маңызды орнын еске түсіретін ерекше мереке. Бұл біздің білім мен тәрбиемізге жанын қиған жандарға алғыс айту мүмкіндігі. Гүлдер, жылы лебіздер - мұның бәрі де нышан. Ұстаздарымызға деген құрмет пен ризашылықты білдіретін қимылдар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ұстаз еңбегінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, заңға сәйкес, егер сыйлық құны 5 АЕК-тен (18 460 теңге) асса онда бұл Қылмыстық кодекстің 247-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Алайда, алдын ала келісілмеген, 5 АЕК-ке дейінгі (18 460 теңге) шағын сыйлықтар үшін ұстаздар Қылмыстық кодекстің бабы бойынша жауапкершілікке тартылмайды.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұстаздарға гүл сыйлау игі дәстүр екенін атап өткен еді.
«Тәтті-тәпсекке қатысты ойлану керек. Әркімнің қалауы әртүрлі. Бірақ оқушылардан мұғалімнің гүл алуы көңіл-күйді көтеретін үрдіс. Оқушылардың мұғалімдерге құрмет ретінде гүл сыйлауы дәстүрге айналған. Сондықтан оны дұрыс деп есептеймін. Гүл сыйлау − әркімнің өзінің көңілі мен ниетіне байланысты. Бірақ гүл сыйлауды міндеттемеу керек», деді министр.