Құрылыс
2 мин оқу 120

Жұмыс ырғағы үзілмеген құрылыс

<p style="text-align: justify;">Жаңаөзен қаласы тұрғындарын жұмыспен қамту үшін жұмыс орындарын ашу маңызды. Сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын өндіретін зауытты Жаңаөзеннен салу бір жағы жұмыссыздық мәселесін еңсеруге сеп болса, екіншіден мұнайлы қаладағы өндіріске қажетті жабдықтарды алыстан арбаламай, өз қаласы аумағынан алдыруға мүмкіндік береді.</p>

Жұмыс ырғағы үзілмеген құрылыс

Зауыт құрылысы жауапкер­шілігі, яғни тапсырыс беруші міндеті «Қаскор Инжиниринг» ЖШС құзырында. Бұл құрылым мұнай-газ кәсіпорындарының қажеттіліктеріне арнап мұнай кәсіпшілігі мен химиялық жабдықтардың тұтас желісін шы­ғарады. Маңғыстау облысы­ның жетекші машина жасау кәсіпорындарының бірі ретінде танымал. Компания оқшаулау бағдарламасы аясында 2023 жылы сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангалары өндірісін Жаңаөзен қаласында зауыт салып, көшіруге шешім қабылдаған. 34 жыл өтілі бар, оның ішінде сорғы штангаларын өндіруде 2 жыл, пеш да­йындауда 16 жыл және сорғы-компрессорлық құбырлар өндіруде 9 жыл тәжірибесі бар компания жаңа зауытқа 17,3 млрд теңге инвестиция тартып отыр. Зауытқа 300-ге жуық қала тұрғынын тарту жоспарланған.

Қазір мұнайлы қаладағы №1 өндірістік аймақта жалпы ауданы 12 гектар құрылыс аумағын­да зауыт құрылысы басталған. Құрылысқа қажетті барлық инфрақұрылымдық жабдықтау мен жеткізулердің дер кезінде жүзеге асырылуы нәтижесінде бас мердігер «М-СтройТранс» ЖШС компаниясының жұ­мысшылары бақылап-өткізу пункті, асхана, 150 орындық жатақхана, тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған мо­дуль­­дік ғимараттарын монтаж­дап, зауыт бағаналарын толықтай тұрғызып үлгеріпті.

«Зауыт құрылысының дайын­дық жұмысы, инфрақұры­лым жеткізу биыл сәуір айында бас­талды. Құрылыс аумағында қа­зір «ASM», «Отан-инжини­ринг» атты екі компания мерді­герлік жұмыс жүргізіп жатыр. Жұмысты жоспарланған мер­зімде аяқтау міндетіміз, сол се­бепті бақылап-өткізу пункті, асхана, жатақхана, тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған  модульдік ғимараттарын биыл қыркүйек айының соңына таман аяқтаймыз деп отырмыз. Ол нысандардың құрылыс материалдары толықтай келіп, да­йын тұр», дейді «М-СтройТранс» ЖШС компаниясының учаске басшысы Жеңіс Тукаев.

Құрылыс алаңында алып техникалық көліктер ыңыр­си қозғалып, ауыр темір қондыр­ғыларды тіктеп тұрғызып жатыр. Бір күнде бір бригада 10 темір бағананы тұрғызып үлгереді екен. Ал жоспарланған төрт бригада жинақталып, толық іске кіріскен кезде жұмыс­тың қар­қын ала түсері анық. Маң­ғыс­­таудың желі мен шаңы құ­ры­­­лыс алаңының астан-кес­тенін шы­ғарып аласұрып-ақ жа­тыр, бірақ құрыш білекті құры­­лыс­шы жігіттер алаңда әрі ауыр жұмыс­пен, әрі жел-шаңмен жаға­ласып қызу еңбекке кіріскен.

Маңғыстау облысы 

Бөлісу:
Жұмыс ырғағы үзілмеген құрылыс · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар