Саясат
2 мин оқу 140

Бауырлас халыққа бақ-береке тіледі

<p style="text-align: justify;">Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркия Республикасының Ұлттық күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, бауырлас түрік халқын Анадолы елінің құрылғанына 101 жыл толуымен құттықтады.</p>

Бауырлас халыққа бақ-береке тіледі

Палата төрағасы қа­зақ халқы тәуелсіздігін ең алғаш таныған мемлекет ретінде Түр­кияны ерекше қадірлейтінін атап өтті.

– Былтыр ғана тамырлас елдің ғасыр тойын өздеріңізбен бірге атап өткен едік. Биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тауып жатыр, – деді Е.Қошанов.

Биыл екі ел арасында Достық және ынтымақтастық туралы келі­сімге қол қойылғанына 30 жыл толып отыр.

– Біздің достығымыздың тамыры бұдан да тереңде жатыр. Санғасырлық ортақ тарихымыз, мәдени-рухани сабақтастығымыз соған куә. Сол екіжақты қарым-қатынас, бабаларымыз салып кеткен сара жол жыл өткен сайын жанданып, ынтымағымыз өрлеп, өркендеп келеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық кеңейтілген стратегиялық әріп­тестік деңгейіне жетті. Оған біздің елдеріміздің көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердо­ғанның арасындағы мызғымас дос­тық берік негіз әрі қазақ-түрік қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге зор септігін тигізіп жатыр, – деді Палата төрағасы.

Мәжіліс спикері стратегиялық серіктестіктің ерекше қарқын алуында қазақ-түрік парламентаралық ынтымақтастығының еңбегі мол екеніне назар аударды. Бұған биыл мамыр айында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың Қазақстанға ресми сапары серпін берді.

Е.Қошанов екі елдің заң шыға­рушы органдары мемлекет бас­шыларының уағдаластықтарын қарқынды іске асыруға белсене атсалысатынын айтты.

Сонымен қатар 2024 жылы Түркі мемлекеттері ұйымына 15 жыл толады. Мәжіліс төрағасы осы айтулы датамен де құттықтап, бауырлас халықтарға бақ-береке тіледі.

Бөлісу: