Гази университетінің филиалы ашылды
<p style="text-align: justify;">Республика күні қарсаңында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүс­тік Қазақ­стан педагогикалық университе­ті­нің базасында түркиялық Гази университе­тінің филиалы ашылды. Тари­хи құжатқа қол қою рәсіміне еліміздің Ғылым және жоға­ры білім министрі Саясат Нұрбек, Түркия мемлекетінің Жоға­ры білім кеңесінің төрағасы профессор, доктор Ервол Өзвар, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан пе­да­го­гикалық уни­верситетінің басқар­ма төрағасы-ректор­дың уақытша ­мін­­­­де­тін атқа­рушы Гүлжан Сүгірбаева мен Гази уни­вер­си­те­тінің ректоры, профессор, доктор Угур Үнал қа­тыс­ты.</p>
Гази университеті – 1926 жылы негізі қаланған жоғары оқу орны. Түркияда ғылым мен білім берудің іргелі орталығы ретінде құрылған алғашқы оқу орындарының бірі. Мұнда гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары, медицина және тағы басқа бағыттар бойынша білікті мамандар даярланады. Ал Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті 1937 жылы еліміздің оңтүстік өңірінде бой көтерген жоғары білім мен ғылымның қара шаңырағы. Бүгінде университет білім саласының үздік мамандарын оқытады.
Екі университет арасындағы өзара ынтымақтастық 2021 жылы 13 қазанда бастау алған. Гази университетінің ректоры, профессор Мұса Йылдыздың Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне ресми сапары барысында өзара ынтымақтастық туралы, «Erasmus» бағдарламасы бойынша өзара серіктестік туралы институтаралық келісімшартқа қол қойған. Соның нәтижесінде жоғары білім мен ғылым саласындағы бірқатар бастамаға жол ашылды. Биыл Ө.Жәнібеков университетінің 10 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуға Гази университетіне жіберіліп, бір семестр бойы білім алып, тәжірибе алмасып келді. Сондай-ақ 2 докторант Гази университетінде білікті ғалымдардың жетекшілігімен ғылыми тағылымдамадан өтті.
Былтыр мамыр айында Ө.Жәнібеков университеті ректоры Гази университетіне ресми сапармен барды. Соның барысында әдістемелік, ғылыми қызмет, магистратура, докторантура секілді білім беру бағдарламалары аясында ынтымақтастық туралы қосымша келісімге қол қойылды. Биыл Ө.Жәнібеков университетінің тағы 10 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Гази университетінде білім алса, 6 докторант ғылыми тағылымдамадан өтіп қайтты. Сонымен бірге Гази университетінің профессоры Южел Гелишли еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Шетелдік ғалымдарды оқытушылық қызметке тарту» бағдарламасы аясында Ө.Жәнібеков университетінде білім алушыларға дәріс оқып, бір ай бойы профессор-оқытушылармен тәжірибе алмасты.
ШЫМКЕНТ