Білім
3 мин оқу 140

Ізашар білім ордасы

<p style="text-align: justify;">Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылы 1 қыркүйекте жариялаған &laquo;Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам&raquo; атты Жолдауына сәйкес ел Үкіметі сол жылғы 30 қарашада білім беру саласында &laquo;Жайлы мектеп&raquo; салу қанатқақты ұлттық жобасын арнайы қаулымен бекіткен еді. Жобаны іске асырудың қаржылық міндеті &laquo;Samruk-Kazyna Construction&raquo; АҚ белгіленген. Ал ұлттық жобаны жүзеге асыруды жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз ететін болды. &laquo;Жайлы мек&shy;тептердің&raquo; ең басты ерекшелігі &ndash; мұнда бастауыш және жоғары &shy;сынып оқушылары бөлек блоктарда оқытылады. Бұл қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге тікелей байланысты.</p>

Ізашар білім ордасы

Күні кеше ғана Петропавл қаласының «Орман» шағын ауданында 600 оқушыға арнал­ған облыстағы алғашқы жайлы мектеп ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұр­мұ­хамбетов, қаланың зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен ардагер ұстаздар қатысты. Құттықтау сөзінде облыс әкімі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет бас­шысының тікелей тапсырмасы бо­йынша жүзеге асып отырғанын жеткізді.

«Біздің балалар жаңа, жайлы барлық за­манауи стандартқа сай мектепте білім алу­ға тиіс. Себебі ол жарқын бола­ша­ғы­мызға салынған инвестиция. Жет­кін­шек­терге барлық жағдай жасалса, арамыз­дан әлемді бағындыратын талай өнер­тап­қыштар, ғалымдар, өнер иелері шыға­ты­нына сенімім мол. Біз өрендерге жақсы жағ­дай жасап қана қоймай, 80-ге жуық адам­ды жұмыспен қамтып отырмыз. Осындай мектеп «Береке» шағын ауда­нын­да да салынып жатыр», деді өңір басшысы.

л

Аталған білім ордасында «Орман» шағын ауданымен іргелес «Борки», «Сол­нечный», «Юбилейный» және жаңа­дан ашылған «Бірлік» шағын ауданының бала­лары оқиды. Білім ұясында 30-дан астам сынып бөлмесі, солардың ішін­­­де қазақ, орыс, ағылшын тілдері, физика, химия, информатика, биологияға арналған арнайы кабинеттер, STEM зертхана және роботтехника мен интерактивті тақталар бар. Оған қоса екі спортзал, за­манауи шеберханалар, мәжіліс залы, би залы және көпсалалы спорт алаңы жұ­мыс істейді. Қыздардың шеберхана к­а­би­нетінде іс тігетін заманауи тігін маши­налары қойылған. Онда қыз балалар 18 түрлі тігін өнерін үйренеді. Асхана мен кітапхана да көрген адамның көзін сүрін­дір­гендей. Ерекше білімді қажет ететін ба­лаларға да қолайлы жағдай жа­салған. Оларға арналған инклюзия және ло­гопед кабинеті жұмыс істейді. Мұнда оқушылар қазақ және орыс тілін­де білім алады.

Анель Сабыр деген 8-сынып оқушысы жаңа мектептің ашылғанына айрықша қуанышты екенін айтты. «Бұл мектепте бәрі – әдемі. Өзім баскетболмен айналысамын. Сондықтан спортзал ерекше ұнады», десе, Сәбден есімді ата-ана «Жайлы мектеп» барлық талапқа сай салынғанын айтты. «Шынында да, балаларға өте жайлы. Бұрын оқыған мектепте екінші аяқкиім ауыс­­тыратын орын өте тар болып, ата-аналар балаларымен бірге қысылып-қым­тырылып жататын еді. Ал мына жаңа мек­тепте ондай жоқ. Іші кең, орын мол. Адам еркін тыныстайды. Осы білім орда­сына немеремді әкелдім», деп риза­шы­лығын білдірді.

Жаңа мектепке басшы болып, тәжі­рибелі маман, бұрын мектеп директоры бол­ған Гүлжан Жақанова тағайындалды. «Бұл білім ордасы №28 мектеп аталады. Керек дүниенің бәрін жеткізіп алдық. Ерекше білімді қажет ететін балаларға су жаңа, заманауи сауықтыру құралдарын әкелдік. Арнайы жиһаздар да бар. Бала­лардың дамуына ыңғайлы тактильді жол-көрпешелер, лифт, мәжіліс залының сахнасына шығаратын пандустар – бәр-бәрі қарастырылған. Әзірге балаларымыз толық емес, бірақ уақыт өте келе оқушылар саны артады деп ой­лаймын. «Бірлік» шағын ауданының ба­ла­лары да осында келіп оқиды. Ма­ман­­дарымыз да әлі де толығатынына сенім­дімін», деді ол.

Ел Үкіметі балалардың жарқын бола­ша­ғы үшін барлық жағдайды жасап отыр, енді тек жеткіншектер оның бағасын бі­ліп, Отанының озық ойлы азаматтары бол­сын деңіз.

ПЕТРОПАВЛ 

Бөлісу:
Ізашар білім ордасы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар