Экология
3 мин оқу 70

Бақылаудың жетілдірілген жүйесі

<p style="text-align: justify;">2021 жылғы 2 қаңтарда елімізде Экология кодексі қабылданды. Көптеген талқылаудан, сараптамадан өткен жаңа Кодекстен халқымыздың күткені көп еді. &laquo;Енді экологиялық талаптар күшейеді, сөйтіп, ауа тазарады, табиғаттың тұмса қалпы сақталады&raquo; деген сенім күшейді. Содан бері екі-үш мәрте қар көрдік. Экология кодексі көптің көңіліндегі үмітін ақтап, сенімін нығайтып жатыр ма? Кесіп айту қиындау, дегенмен оң өзгерістер бар. Жақында соның біріне өзіміз де куә болдық.</p>

Бақылаудың жетілдірілген жүйесі

Экология кодексінің «Объект операторы­ның өндірістік экология­лық бақылау жүргізу кезіндегі құ­қықтары мен міндеттері» деп аталатын 184-бабы мен «Өндіріс­тік мониторингтің түрлері және оны жүргізуді ұйымдастыру» аталатын 186-бабының талаптары­на қарасаңыз, өндірістік кәсіпорын­дардағы шығарындылар мен тастандылардың көлемін онлайн бақылауға болатын қондырғы­лар орнату көзделген. Осындай қондырғылардың бірі «Жәйрем кен байыту комбинаты» акцио­нер қоғамындағы қазандыққа орнатылған екен.

Бізбен әңгімесінде кәсіп­орын­ның байыту жөніндегі ат­қа­рушы директоры Айдос Серіков шығарындыларды монито­рингі­леудің автоматтандырылған жү­йесін (МАЖ) енгізу – фаб­рика қазандығы жұмысының эко­ло­гия­лық қауіпсіздігі мен тиім­ділігін арттыру жолындағы ма­ңыз­ды қадам екендігіне тоқ­талды. Мониторингілеудің автомат­тандырылған жүйесі, яғни МАЖ дегеніміз не? Мұның қандай артық­шылығы бар?

– Бұл – құбырдан түтін газының сынамаларын алатын сынамаларды іріктеуіштен, сынамалардағы көміртегі оксиді (CO), азот оксиді (NO), азот диоксиді (NO2), күкірт диоксиді (SO2), шаң сияқты зиянды заттардың концентрациясын өлшейтін анализаторлардан тұратын жабдық кешен, – деп түсіндірді А.Серіков.

Кәсіпорындарда бұған дейін де ауаға лас заттарды таратуға бел­гілі бір деңгейде бақылау бол­мады емес, болды. Сонда МАЖ ар­қылы бақылаудың бұрын­ғы бақы­­лаулардан қандай артық­шылығы болуы мүмкін? Экология кодексінде осындай жүйе енгізу жөнінде талап қойылғанына қа­рағанда, бұл жүйені орнатып, сол арқылы бақылаудың тиімді екендігі дау тудырмаса керек.

МАЖ, яғни мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесінің жұмысына адами фактор әсерін ти­гізе алмайды. Өйткені атауы­ның өзінен көрініп тұрғанындай, құрылғы бақылауды автоматты түрде атқарады. Бұл сондай-ақ нә­­ти­желердің дұрыстығына да ке­піл­дік береді. Яғни ешкім құрылғы арқылы алынған нәтижеге өзгеріс енгізе алмайды. Айталық, нор­ма­дан асып кеткен көрсеткішті ­тө­мендетіп көрсету мүмкін емес. Өйткені жүйе алынған есептерді автоматты түрде қалыптастырады, оларды мемлекеттік органдарға тікелей жіберіп отырады.

Жүйенің тағы бір артықшы­лы­ғы – оның қызметінің үздіксіз жұмыс істейтіндігінде. Уақытына қарамастан егер белгіленген нормадан ауытқушылық байқалса дереу шара қолдануға мүмкіндік береді. Себебі бәрі бірден көзге ұрып тұрады.

– Ең бастысы, бұл бағыттағы қағазбастылық жойылды десе де болады. Бұрынғыдай өлшеп, сынама алып, оны тексеріп, нақтылап жатпаймыз, бәрін құрылғы өзі реттеп отырады. Құрылғының көрсетке­ні біздерге – бұлжымас заң, – деген Айдос Серіков жаңа жүйеге көшу заң талаптарын орындау ғана емес­тігіне де назар аударды. Оның айтуына қарағанда, МАЖ орнату түп­теп келгенде кәсіпорынның келешегіне инвестиция салу деген­ге саяды. Өйткені жаңа жүйе экологиялық қауіпсіздікті арт­ты­рады, қазандықтың жұ­мы­сын оңтайландырады, шығын­дарды азайтады, оның бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға ықпал етеді. Болашақта МАЖ қазандықтың қоршаған ортаға теріс әсерін барынша азайта отырып, оның нақ­ты уақыт режіміндегі жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік беретін зияткерлік басқару жүйелерін енгізуге негіз болады.

«Жәйрем кен байыту комбинаты» акционер қоғамындағы қазандыққа орнатылған мұндай жүйе облыстағы басқа да кәсіп­орындарға орнатыла ма? Біз бұл сұрақты Ұлытау облысы экология департаменті басшысының орынбасары Ә.Арғыновқа қойған едік.

– Кәсіпорындарға монито­рин­гілеудің автоматтандырылған жүйесін орнату Экология кодек­сінің талаптарын жүзеге асыру болып саналады. Ал қандай кә­сіпорындарға қойылуы керек десек, бұл Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 22 маусымдағы №208 бұйрығында сәйкес жүргізіле­ді. Ұлытау облысында МАЖ 6 кә­сіпорынға орнатылатын бола­ды. Қазірдің өзінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, «Ka­zakh­mys Energy», «Kazakhmys distri­bution», «Kazakhmys Smelting» кәсіпорындарына орнатылды. Ал­дағы уақытта Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы жылу, сумен қам­ту кәсіпорындарына орнатыла­тын болады, бұл барыстағы жұмыс­­тар қауырт жүріп жатыр. Бір атап өтерлігі, жүйе кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен орнатылады, – деді Әмірхан Өмірзақұлы.

Ұлытау облысы 

Бөлісу:
Бақылаудың жетілдірілген жүйесі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар