Волонтер
2 мин оқу 161

Волонтерлік ұйымдар слеті

<p style="text-align: justify;">Алматы қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында волонтерлік ұйымдардың слеті өтті.</p>

Волонтерлік ұйымдар слеті

Ежелден қоңсы елдердің кейінгі буынын жақсылық пен жарқын келешек жолына жұмылдыруды көздейтін слеттің ашылуына Қазақ­станның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Президенті әкімшілігінің Шет­елдермен өңір­аралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы бас­шысының орынбасары Антон Рыбаков, екі елдің волонтерлік қозғалыс өкілдері қатысты.

А.Балаева жиналғандарды алдағы Халықаралық волонтер күнімен құттықтай келе, мемлекет пен волонтерлік қауымдастық арасындағы серіктестіктің маңы­зына тоқталды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер қызметіне үлкен көңіл бөліп келеді. Әсіресе осы саладағы халық­аралық ынтымақтастықты дамы­туға баса назар аударып отыр. Бүгін біз Қазақстан мен Ресейдегі волон­терлер қозғалысы қуатты шығар­машылық күшке айналып, мейі­рімді азаматтардың жұды­рық­тай жұмылуының жар­қын үлгі­с­іне, халықтар арасын­дағы бай­ланыс­­тарды нығайтатын, маңыз­ды әлеу­меттік мәселелерді шешуге ықпал ететін қозғалысқа айналды деп се­нім­мен айта аламыз», деді министр.

Сондай-ақ А.Балаева Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылдың елімізде «Волонтер жылы» деп жарияланғанын, бұл ерік­тілер қозғалысына қуатты серпін бергенін айтып, Қазақстандағы волонтерлікті мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.

Мемлекеттік органдар жыл сайын волонтерлер қауым­дастығы­мен бірлесіп 50-ден аса жобаны, бастамаларды іске асыру үшін 240 шағын грант береді. Бүгінде елімізде 240 мыңнан аса белсенді волонтер бар, 740-тан аса волонтерлік ұйым жұмыс істеп отыр, мыңнан аса бастамашыл топтардың да әрекеті табыссыз емес.

Сондай-ақ жиын барысында министр 2025 жылы табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараларды өзекті ету мақсатында бірлескен экологиялық акциялар, көрмелер, семинарлар мен конференциялар өткізуді ұсынды.

Волонтерлер слетінде сөз алған Ресей Федерациясы Президенті әкім­­шілігінің Шетелдермен өңір­ара­лық және мәдени байланыстар басқармасы басшысының орынба­сары Антон Рыбаков Қазақстан тарапына осы жиынға ұйытқы бол­ғаны үшін алғысын білдірді.

«Бірлескен жобаларды сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерудегі негізгі бастамашылардың бірі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл біз үшін өте маңызды. Қазақстан волонтер­лермен жұмыс істеуде үлкен тәжіри­беге ие. Біз бұл бағытты толық қол­дай­мыз және бүгінгі кездесудің маңыз­­дылығы келер жылы, біз жос­парла­ғандай, Ресей мен Қазақстан волон­тер­лерінің «Тату көршілік» атты толық­қанды форумы өтетінінде деп біле­міз. Бұл біздің елдеріміз арасын­дағы бірлескен жобалар портфе­лін байыт­а түседі деп сенемін. Волон­терлік идеяны насихаттау мен волон­тер­лік қозғалысқа көбірек адам тарту қоғамды біріктіріп, дәстүрлі мо­раль­дық және рухани құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді», деді ол.

Слет аясында волонтерлерге танымдық дәрістер, семинар-тре­нингтер ұйымдастырылды. Сон­дай-ақ ресейлік қонақтарға Ал­ма­­ты қаласындағы комьюнити орта­­лық­тарының жұмысы таныс­тырылды.

АЛМАТЫ 

Бөлісу:
Волонтерлік ұйымдар слеті · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар