Мемлекет басшысы Хромтаудағы «Болашақ» шахтасының жұмысымен танысты
<p style="text-align: justify;">Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары «Болашақ» шахтасын аралап көруден басталды. Шахтаның қуаттылығы жылына 7,5 миллион тонна хром рудасын өндіруге жетеді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>. </p>

Мемлекет басшысына жаңа нысанда 1800 жұмыс орны құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады.
Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов «Болашақ» шахтасы ERG компаниялар тобының ірі инвестициялық жобаларының бірі саналатынын атап өтті.
Кәсіпорын «Миллионное» және «Алмас-Жемчужина» кен орындарын игерумен айналысады. Кен қазу ісіне автоматты режимде бұрғылайтын интеллектуалды бұрғылау қондырғысы, қашықтан жер үстінде басқару жүйесі, сондай-ақ толықтай автоматтандырылған жүк көтеру машиналары секілді озық технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар қолданылады.
Компания басшысының айтуынша, Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасын іске қосу еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі тарихи оқиға болмақ.